Әскери қызметшілер халыққа көмек көрсетуде
Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола өңірлерінің елді мекендерінде, Абай және Ұлытау облыстарында әскери қызметшілер түрлі міндеттерді орындауда.
Абай облысында әскери қызметшілер Аягөз ауданы Мамырсу ауылындағы дамбыны күшейту үшін 1700 текше метр топырақ әкеліп, 340 метр үйінді жасады.
02352 әскери бөлімінің он бір әскери қызметшісі Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Боран ауылында жұмысқа кірісті. Мұнда Қара Ертіс өзеніндегі мұздың күрт еруі салдарынан су деңгейінің бірден көтерілгені байқалады. Су тасқынына қарсы шараларға төрт жол талғамайтын автокөлік пен жүк камазы бөлінді.
Қарағанды облысы әкімінің жазбаша өтініші бойынша облыс орталығынан Шет ауданының Нұраталды ауылына 49 әскери қызметші және «Астана» өңірлік қолбасшылығынан бес автомобиль техникасы жіберілді. Апатты аймақтағы шаралар әрі қарай жүргізіледі.
Әуе қорғанысы күштерінің ұшу экипаждары Батыс Қазақстан (Қособа, Қаратөбе, Қоржын, Қозыбас елді мекендерін), Ақтөбе (Ойыл, Ш. Берсиев ауылдарын) және Қостанай облыстарында (Қызылжұлдұз, Екідің ауылдарын) су басқан елді мекендер мен қыстақтардан ауыл адамдарын көшіруді жалғастырып жатыр.
Барлығы 27-29 наурыз аралығында апаттан құтқару шараларына 480 әскери қызметші, 37 бірлік автокөлік техникасы, 6 тікұшақ және әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды.
Су басқан аудандардан 900-дің үстінде адам көшірілді, оның 90-нан астамы бала. Еріген қар суына бөгет жасау үшін шамамен 9500 мың құм қапталып, төселді. 300 метр ағын су кәрізі тазартылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамы Алматыдан Орал және Ақтөбе қалаларына жеткізілді.