Әскери қызметші Республика күніне ультрамарафон арнады

Еліміздің басты мерекесін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты "Әли" оқу-жаттығу орталығын қамтамасыз ету ротасының жауынгерлік көлігінің командирі 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов ерекше атап өтуге шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әскери қызметші "Әли" оқу-жаттығу орталығынан – Алматы облысының Шелек ауылы бағыты бойынша 48 сағат ішінде 350 шақырым жүгіремін деп шешкен. Осы уақыттың ішіне оның тынығып, демалуы да кіреді.

3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов алдына мақсат қойды. Табандылық пен жеңіске деген ерік-жігердің арқасында ол рекорд орнататынына сенімдімін. Құрлық әскерлері әскери институтының жеке құрамы үшін Рауан мақсатқа жетуге деген сенім мен ерік-жігердің үлгісі. Нағыз жауынгер осындай болуы керек. Оған сәттілік тілейміз, – деді спортшыға Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов.

Рауан Әбілхановтың жеңіл атлетикамен айналысқанына 10 жылдан асты. Ол – Алматыда және Қарулы күштерде өткен марафондардың жеңімпазы. Жауынгерлік дайындық пен үлгілі әскери тәртіптегі жоғары көрсеткіштері үшін көптеген марапаттарға ие.

Марафон қашықтығы бағытында спортшыға әскери институт дәрігерлерінің бригадасы, достары, әріптестері және Қазақстанның Рекордтар кітабының өкілдері ілеседі.

Рауан Әбілханов әрқашан алға қойылған міндеттерге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ол адамдармен ынтымақта жұмыс істей біледі. Рауан жоғары шенді болмаса да, өз кәсібінің көшбасшысы. Ол жаңа жетістікке деген ұмтылысымен, болашаққа деген сенімімен және табандылығымен ерекше. Біз оның жетістігіне және алға қойған мақсатына жететініне сенеміз, – деді "Әли" оқу-жаттығу орталығының бастығы майор Болат Садыров. 

Әскери қызметшінің бұл бастамасын отбасы да қолдайды. Әбілхановтар алты қыз бен ұл тәрбиелеп, жуырда тағы бір нәресте күтіп отырған үлгілі отбасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы