Әскери қызметші қарт кісіні өрттен құтқарып қалды

Әскери адам кез келген қиын жағдайда жедел әрекет етуге дағдыланған. Оны 18404 әскери бөлімінің жөндеу ротасында қызмет ететін бөлімше командирі сержант Ерік Қасымбеков те дәлелдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биылғы жылдың 18 қаңтарында сержант Ерік Қасымбеков үйде болған. Оған өткен жексенбіде нарядта болғаны үшін демалыс күні берілген.

Үйінің кіреберісіндегі айқайды естіген ол алаңға жүгіріп шыққанда, қарт әжей тұратын пәтер өртеніп жатқанын біледі. 

Ерік Қасымбеков ойланбастан, қызыл жалынға оранған бөлмеге кіріп кетеді. Көк түтінге қарамастан, ол қарияны тез тауып алып, оны сыртқа шығарып үлгереді. 

Кейін өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды ауыздықтады. Зардап шеккен кейуана  жедел жәрдеммен медициналық мекемеге жеткізілді. Үш баланың әкесі Ерік Қасымбеков сын сағатта абдырап қалмай, жүрегінің әмірімен әрекет ете білді.

Оның өзі бұл іс-әрекетін айта бермейді. Кез келген әскери қызметші тәрізді ол да адамдарға көмек көрсетуді Отан қорғаушының басты міндеті деп санайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы