Әскери оркестрлердің фестивалін қайдан көруге болады?
Астанада алғаш рет өтетін әлемнің сегіз елінен келген әскери оркестрлері өнер көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елорданың 25 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан фестивалді қала тұрғындары мен қонақтары тегін көре алады. Қойылымдар 6 шілдеде сағат 19.30-да Есіл өзенінің жағасындағы жазғы амфитеатрда Band Marathonмен басталады. Орталық саябақта Қазақстанның Президенттік оркестрі мен Үндістан, Өзбекстан және Жапонияның әскери ұжымдары өнер көрсетеді. «Бәйтерек» монументінің жанында Қазақстан, Ресей және Түркия қорғаныс министрліктерінің оркестрлері өз бағдарламаларын ұсынады. «Хан Шатыр» сауда-ойын сауық орталығында Әзербайжан, Қытай және Қазақстан Ұлттық ұланы өнерін тамашалауға мүмкіндік бар.Әскери оркестр фестивалі 8 шілдеде сағат 12.00-де «Барыс Арена» мұз сарайында гала-концертпен аяқталады.
Бұл музыкалық мереке еліміздің мәдени және қоғамдық өмірінің шынайы безендірілуі болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар үшін фестиваль қызығушылық ортасы, байланыс алаңы болады деген үміттенеміз. Осы фестиваль елдер достығын нығайтуға, біздің халықтарымыздың мәдениеттері арасындағы түсіністікті жақсартуға, музыканттар мен музыкалық ұжымдарға жаңа тыңдаушылар мен жанкүйерлерді табуға мүмкіндік береді деген сеніміміз мол,-деді ҚМ тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.
Сондай-ақ, фестиваль аясында Үндістанның әуе күштері оркестрінің музыканттары ситар мен сародта дәстүрлі композицияларды орындайды. Қытай Халық-азаттық армиясының әскери оркестрінің репертуарында ежелгі музыкалық композициялар да, оркестр өнерінің заманауи әуендері де шырқалады.Саптық, классикалық және джаз әуендерімен Ресей Қорғаныс министрлігі Батыс әскери округінің 23-ші әскери оркестрі өнер көрсетеді. Халықаралық фестиваль бағдарламасында белгілі «Түрік маршы» композициясы орындалады.