Бүгiн 2026, 09:56 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Әскери оқу орнын үздік тәмамдағандарға ерекше мүмкіндік берілмек

Өзгерістер әскери және арнаулы оқу орындарын үздік бітірген түлектерге қатысты.

Қазақстанда әскери оқу орындарын үздік тәмамдаған курсанттарға жаңа мүмкіндік берілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

19 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын. Осы заңды іске асыру аясында енді әскери қызмет саласына да бірқатар өзгеріс енгізілмек.

Атап айтқанда, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына толықтырулар әзірленді. Өзгерістер әскери және арнаулы оқу орындарын үздік бітірген түлектерге қатысты.

Жаңа нормаға сәйкес, Қазақстанның және шет мемлекеттердің әскери, арнаулы оқу орындарында жоғары білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі бөлімде оқып, үздік тәмамдаған түлектерге бұдан былай «аға лейтенант» әскери атағы беріледі.

Сонымен қатар, үздік түлектерге қызмет орнын өз қалауымен таңдау құқығы ұсынылмақ. Бұл бастама әскери саладағы бәсекелестікті күшейтіп, курсанттардың білімге деген ынтасын арттыруға бағытталған.

Аталған өзгерістерді заңнамалық тұрғыда бекіту үшін «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларын бекіту туралы» Президенттің 2006 жылғы 25 мамырдағы №124 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлық жобасы дайындалды.

Жобаға сәйкес, үздік бітірген курсанттарға «аға лейтенант» әскери атағын беру тәртібі нақты айқындалады.