Әскери оқу орындарында электрондық білім беру порталы іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінің және еліміздің жоғары әскери оқу орындарының мамандары «е-Интеллект» бағдарламалық-ақпараттық кешенін әзірледі. 

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әскери білім беру жүйесінде оқу процесін автоматтандыру және цифрландыру жөніндегі пилоттық жоба ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен бастап іске қосылады. 

Кешен барлық оқу орнын бірыңғай ақпараттық кеңістікке біріктіретін электрондық білім беру порталын қамтиды. Онда әскери оқу орындарында оқу процесін ұйымдастыру ерекшеліктері ескерілген.

«е-Интеллект» жобасы ішкі ведомстволық желі бойынша жұмыс істейтін болады. Онда бейне, фото, мәтіндік, графикалық, кесте түріндегі әртүрлі ақпаратты және басқа да деректерді толықтыру бойынша техникалық шектеу жоқ.

Деректерді бірыңғай сақтау орнына жинауға және олардың сақталуына бірыңғай сервердегі резервтік көшірудің және сақтаудың арқасында кепілдік беріледі.

Білім алушылар мен оқытушылар құрамы кез келген жұмыс компьютерінен портал арқылы тәулік бойы оқу процесіне қатысты өзекті ақпарат ала алады.

Бағдарламалық-аппараттық кешен оқытушылардың жұмысын жеңілдетеді. Олар бірыңғай порталға сабақ кестесін жүктеп, үлгерімді бақылауды есепке алады, білім беру бағдарламаларына мониторинг жүргізеді және басқа көптеген әрекетті іске асырады. Жоғары оқу орындарының басшылығы оқу процесін ұдайы қадағалап отыра алады.

Қазіргі уақытта кешен қорғаныс ведомствосының әскери оқу орындарында орнатылды.

2025 жылға дейін жүйені толық қарқынмен іске қосуды бірнеше кезеңде жүзеге асыру жоспарлануда. «е-Интеллект» қолданыстағы Қарулы Күштерді автоматтандырылған басқару жүйелерімен, сондай-ақ бірыңғай ұлттық білім беру дерекқорымен интеграцияланатын болады.

Жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы