Әскери мектептер әскери-мамандықтар санын көбейтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінде өткен кеңесте лауазымды адамдар Қарулы Күштер тыныс-тіршілігінің негізгі мәселелері туралы баяндады.
Бас қолбасшылар өткен аптада аяқталған мамандық бойынша даярлықты қорытындылады.
Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Әскери-әуе күштерін және Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін тартумен өткен командалық-штабтық оқу-жаттығу нәтижелерін айтып өтті.
Әскери бөлімдер ағымдағы жылғы шілдеге жоспарланған бөлімшелерді, экипаждарды, есептоптарды даярлауға кірісті. Осы кезеңде Әскери-теңіз күштерінің жауынгер жүзгіштер бөлімшелері тікұшақтан акваторияға іс жүзінде түсумен парашюттік-десанттық даярлықтан өтеді.
Қадағалау және бақылау органдарының Қарулы Күштерді тексеру мәселелері жеке қаралды. Қорғаныс министрі атап өткендей, тексеру барысында жекелеген кемшіліктер анықталады. Оларды қысқа мерзімде жою, сондай-ақ алдағы уақытта осындай бұзушылықтарға жол бермеу үшін бақылауды жүзеге асыру қажет. Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясына соңғы 3 жыл ішіндегі тексеру актілеріне түгендеу жүргізу, лауазымды адамдар қабылдаған шараларды талдау, белгіленген іс-шаралардың тиісті түрде орындалмауы анықталған жағдайда кінәлілердің жауаптылығы туралы мәселені қарау қажеттігі туралы нұсқау берілді.
Кеңесте келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру тәртібі талқыланды. Қорғаныс ведомствосының басшысы кандидаттарды іріктеу жүйесін жетілдіруді тапсырды. Бұл, ең алдымен, қажетті құжаттарды жинау кезінде бюрократиялық сөзбұйданы азайтуға, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді қызметке қабылдау жеделдігін, келісімшарт бойынша әскери қызмет туралы қажетті ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға қатысты.
Қызметке қабылдау кезінде субъективті факторлардың, оның ішінде туыстық және басқа да бейресми байланыстардың ықпалын болдырмау қажет.
Сонымен қатар, келісімшарт бойынша әскери қызметті эксаумақтық өткеру практикасын кеңейту ұсынылды. Яғни, әскери қызметшілер қызметті, әсіресе, оның бастапқы кезеңінде тұрғылықты жерінен тыс жерде де өткеруге тиіс. Бұл келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге әртүрлі табиғи және климаттық ерекшеліктерге бейімделуге, ұтқыр және кез келген өңірде жауынгерлік міндеттерді орындауға дайын болуға мүмкіндік береді.
Әскери-техникалық мектептердің қызметін жетілдіру мәселесі қаралды. Бүгінгі күні олар азаматтарды әскери қызметке тегін даярлау және ақылы негізде әскери оқытылған резервті даярлау сияқты негізгі 2 бағытта жұмыс істейді.
Әскери-техникалық мектептің бас директоры запастағы генерал-лейтенант Болат Дарбеков жоспарланып отырған әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі жұмысты кеңейту туралы баяндады. Қазіргі уақытта әскери-техникалық мектепте оқыту атқыш, оқшашаршы, гранатаатқыш, мерген, санитар-атқыш және тағы сол сияқты негізгі және кең таралған мамандықтар бойынша жүргізіледі.
Биыл тылдық және техникалық қамтамасыз ету бейіні бойынша оқыту бағдарламасы қабылданатын болады. Бұған әскери техникаға қызмет көрсетумен және жөндеумен, далалық жағдайларда тамақтандыруды, заттай қамтамасыз етуді және монша-кір жуу қызметін ұйымдастырумен байланысты 10-нан астам мамандық кіреді. Таяудағы перспективада жауынгерлік қамтамасыз ету бағыттары, оның ішінде инженерлік әскерлер, РХБҚ, барлау, байланыс мамандарын даярлау және соғыс уақытында сұранысқа ие басқа да мамандықтар бойынша оқыту бағдарламаларын әзірлеу және енгізу жоспарлануда.
Қорғаныс министрі әскери-техникалық мектептер түлектерінің қажетті әскери дайындығы деңгейін қамтамасыз ету бойынша тапсырма қойды.