4 Қыркүйек 2026, 11:57 Фото: ©️ BAQ.KZ / Артем Чурсинов

Әскери мансапты армандағандар қазірден қамдануы керек – ҰҚК өкілі

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша департаменті Тәрбиелік, идеологиялық және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары – бөлім бастығы, подполковник Асхат Айсағалиев әскери оқу орнына түсуге ниетті талапкерлерге қойылатын талаптар мен психологиялық іріктеудің ерекшеліктері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның сөзінше, әскери қызметке қызығушылық танытқан мектеп оқушылары болашақ мамандығын ертерек ойластырып, дайындықты алдын ала бастауы қажет.

Егер оқушы әскери жоғары оқу орнына түсу туралы қазірден бастап ойланып жүрсе және өмірін әскери қызметпен байланыстырғысы келсе, онда өз өңіріндегі Шекара қызметінің бөлімшесіне жүгініп, қажетті ақпараттың барлығын ала алады. Бізде Шекара академиясына оқуға қабылдау талаптары өте жоғары. Кандидат бес деңгейлі тексеруден өтеді, сондықтан шешімді алдын ала қабылдағаны дұрыс, – деді Асхат Айсағалиев.

Оның айтуынша, 2027 жылы оқуға түсетін талапкерлерді іріктеу жұмыстары биылғы қыркүйек айынан басталған. ҰҚК төрағасының 2016 жылғы №2 бұйрығына сәйкес, талапкерлердің оқу істері Шекара академиясына 20 мамырға дейін жолдануы тиіс. Сондықтан барлық тексерулер осы мерзімге дейін аяқталуы қажет.

Кандидаттар барлық қажетті ақпаратты тұрғылықты жері бойынша ала алады. Сонымен қатар Instagram желісіндегі парақшаларымызда және интернет-ресурстарымызда байланыс нөмірлері жарияланған. Қажетті мәліметтердің барлығын ұсынуға дайынбыз, – деді ол.

Подполковник әскери қызметте физикалық дайындықпен қатар психологиялық тұрақтылықтың да маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Кандидат психологиялық тұрғыдан төзімді болуы, шешімді жылдам қабылдай алуы және кез келген күрделі жағдайға бейімделе білуі керек. Себебі біздің шекарамыздың ерекшелігі көп: бір жерде таулы аймақ болса, енді бір жерде жазық дала немесе теңіз учаскелері бар, – деді ол.

Сондай-ақ талапкер жан-жақты дамыған әрі физикалық тұрғыдан мықты болуы қажет. Қабылдау кезінде үміткерлер дене дайындығы бойынша нормативтер тапсырады. Атап айтқанда, тартылу, жүгіру секілді сынақтар арқылы олардың төзімділігі мен жылдамдығы бағаланады.

Бұдан бөлек, кандидаттар арнайы психологиялық тестілеуден өтеді. Бұл кезеңде мамандар түрлі сұрақтар қойып, үміткердің күрделі жағдайда шешім қабылдау қабілетін бағалайды.

Психологтардың қорытындысы мен ұсынымдарына ерекше мән беріледі. Бұл іріктеу барысында ескерілетін негізгі факторлардың бірі, – деп түйіндеді Асхат Айсағалиев.