Әскери қызметшілер мамандық бойынша даярланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәстүрлі түрде жазғы оқу кезеңінің басында өткізілетін жауынгерлік даярлық бойынша тактикалық-саптық сабақтар қорытындыланды.

Бір апта бойы әскерлер жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейіне келтірілді. Жеке құрамды хабардар ету, басқару пунктерін жабдықтау, бөлімшелерді шартты ұрыс жүргізуге пайдаланатын аудандарға жіберу кезіндегі өзара іс-қимыл мен оларды жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.

Жаңа оқу кезеңі қарсаңында әскерге жаңа келгендер ант қабылдап, оларға қару-жарақ пен әскери техника бекітілді. Енді, жуырдағы айларда барлық жеке құрам мамандық бойынша даярлықтан өтпек.

Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев әскери қызметшілерді оқыту мен сабақтарды сапалы өткізу кезінде жеке құрамды 100 пайыз қамтуға нұсқау берді. Бұл ретте нұсқаушылардың әдістемелік дайындығын бақылау, материалдық оқу-жаттығу базасының және оқулықтардың болуы мен оны толық пайдалану, жауынгерлік оқу тобының қаруы мен әскери техникасының ақаусыз болуын іске асыру тапсырылды.

Жауынгерлік даярлық кезеңінің нәтижелері әскери қызметшілердің әскери-есептік мамандықтары мен штаттық лауазымдарына сәйкес бақылау сабақтарында алған білімі мен ептіліктеріне қарай бағаланатын болады.

Әскери оқу орындарында оқу жылын аяқтау мәселесі талқыланды. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің төрт «Жас ұлан» республикалық мектебі бітіру емтихандарын тапсыруда.  Мектеп қабырғасын 889 жасөспірім бітірмек. Алдағы уақытта олар Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. ҰБТ нәтижелері бойынша түлектердің көпшілігі әскери оқу орындарына түсу үшін конкурсқа қатысады деп күтілуде.

Ұлттық қорғаныс университетінің офицер-магистранттары, сондай-ақ, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институты мен Құрлық әскерлері Әскери институтының бакалавр бағдарламасы бойынша оқыған лейтенанттар маусым айында аяқтайды. Аталған  оқу орындарында мемлекетаралық келісімдер негізінде таяу шетел азаматтары да білім алатынын атап өткен жөн.

Қорғаныс ведомствосы басшысының тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жуырда Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының жұмыс тобы гарнизондарға барады. Тұрғын үйге мұқтаждардың, оның ішінде жабық әскери қалашықтарда тұратын, 10 жылдан бастап 20 жылға дейінгі еңбек сіңірген, бұрынғы әскери қызметшілердің құқықтары бойынша жеке түсіндіру жүргізіледі. Сонымен қатар, оларға айырбастауға арналған қолда бар тұрғын үй қоры ұсынылатын болады.

Қарулы Күштерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталуда. Өткен аптада COVID-19 жұқтырғандар саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 40%-ға азайды, ал тіркелген жағдайлар түрлі өңірлерден келген әскерге шақырылушылардан анықталған. Жеке құрамды толық вакцинациямен қамту осындай оң нәтиже берді.

Қазіргі кезде коронавирусқа қарсы екпені әскери қызметші мен азаматтық персонал өкілдерінің 94,6%-ы қабылдады. Тек медициналық қарсы көрсетілімі барларға ғана екпе салынбады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы