Әскери қызметші дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының нұсқаушы-спортшысы лейтенант Ғұсман Қырғызбаев Будапеште өткен дзюдодан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.
Армия спортшысы жарыстың бірінші күнінде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдені еншіледі. Жартылай финалда француз қарсыласы Валид Херді жеңіп, финалда Ресейден келген Яго Абуладзеге есе жіберді.
Дзюдодан әлем чемпионатына қатысуды армия спортшыларынан 100 келіден артық салмақ дәрежесінде ефрейтор Ерасыл Қажыбаев пен 66 келіге дейінгі салмақта Елдос Жұмақанов жалғастыруда.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 580 білекті атлет турнирде бағын сынауда. Байрақты бәсеке 13 маусым күні аяқталады.
Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысу үшін көрсеткіш ұпайлар алатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, лейтенант Ғұсман Қырғызбаев 2020 жылы Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жасаған рейтингтің қорытындысы бойынша 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемнің ең мықты дзюдошыларының ондығына кірген.
Армия спортшысы ұлттық құраманың мүшесі, әскери қызметшілер арасындағы 2016 жылғы CISM (халықаралық әскери спорт кеңесі) әлем чемпионатының жеңімпазы, 2019 жылғы «Үлкен дулыға» (Grand Slam) турнирі мен 2018 жылғы Гран-при кезеңінің чемпионы, 2019 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2017 жылғы Еуропа Ашық кубогының қола жүлдегері, 2018 және 2021 жылдардағы Әлемдік Гран-при кезеңдерінің күміс және қола жүлдегері.