Әскери комиссариат алдында топталған ата-ана: Алматыда жас жігіттерді көшеден ұстап әкетіп жатыр ма?
Алматы тұрғындары әлеуметтік желілерде әскерге шақыру жасындағы жігіттерді көшеден күштеп әскери комиссариатқа алып кетіп жатыр деп жазуда, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Автордың айтуынша, оның танысының 19 жастағы ұлы жоғалып кеткен. Анасы оны ауруханалар мен мәйітханалардан іздеп, полицияға арыз берген.
Көшеден “военкоматқа” алып кеткен болуы мүмкін деген күдік болды. Бостандық аудандық әскери комиссариатының алдында дәл осылай ұлдарын жоғалтқан ата-аналар көп жиналып тұр, кейбіреулері үшінші тәулік жауап күтіп отыр. Балаларды көшеден ұстап әкетіп жатқанымен қоймай, туыстарымен сөйлесуге мүмкіндік те бермейді, тірі ме, қайда деген ақпарат жоқ. Бізде әлі әскери жағдай енгізілмеген ғой, неге оларды көшеден жинай береді? – деп жазды алматылық әйел.
Ол сондай-ақ танысының ұлы оқуынан академиялық демалыс алып, бұған дейін өзі әскери комиссариатқа барғанын айтты. Жігіт шекара қызметінде қызмет еткісі келген, бірақ салмағы жеткіліксіз болғандықтан қабылданбаған, кейін оған қажетті салмақ жинауға уақыт берген.
Бұған дейін осыған ұқсас оқиғалар болған. Мәселен, Медеу ауданында бір алматылыққа “азаматтық киімдегі” адам жақындап, амандасқаннан кейін, кенеттен шағын автобустан әскери формадағы екі адам атып шыққан.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі қазіргі уақытта әскери комиссариаттарға қоғамдық орындардан немесе ЖОО-лардан шақырылушыларды мәжбүрлеп әкелуге толық тыйым салынғанын мәлімдеген болатын. Бұл өкілеттік ішкі істер органдарына ғана тиесілі.
Әскерге шақыру жасындағы азаматтарды көшеде ұстап, алдын ала хабарлама немесе шақырусыз әскери комиссариатқа жеткізу жағдайлары тіркелген жоқ. Барлық шақырылушылар заңға сәйкес тиісті түрде хабарландырылады, – деді министрлікте.
Ведомство сондай-ақ жоғары тұрған басшылық жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты әрбір факті бойынша тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
Бірнеше сағат өткен соң жазба авторы жалғасын жариялап, күдік рас болғанын айтты:
Түнгі сағат бірге таман ата-анасы ақыры ұлын көрді – тірі, сонда екені анықталды. Бұл не болып жатыр? Неге әскери комиссариаттар осындай әрекеттерге барады? Бала бұйрыққа қол қоймайынша телефон бермейді, ата-аналарына да ақпарат берілмейді, – деді желі қолданушысы.