Әскери кафедра бітіргендер қызметтен бас тарта ала ма? – министрлік жауабы

Биыл жоғары оқу орнында әскери кафедраны бітіріп запастағы офицер атанған 915 азамат әскерге шақырылады. Олар 2 жылдық қызметінен бас тарта ала ма? Кеткен жағдайда бұрынғы жұмыс орны сақтала ма? Қорғаныс министрлігі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап берді.

Қорғаныс министрлігіне "Жоғары оқу орнында әскери кафедраны бітіріп, маман атанып шыққан офицерлер 2 жылға әскерге шақырылып жатыр. Бірақ көбі оқу бітірген соң тұрақты жұмысқа орналасып алады немесе оқуын жалғастырып жатады. Жалпы ол азаматтар баруға міндетті, бірақ таңдау беріле ме? Жұмыс істеп жатқан жерін, айлығын ескересіздер ме?" деген сауал жіберілді.

"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңның 32-бабына сәйкес, резервтегі офицерлерді әскери қызметке 24 ай мерзімге шақыру Үкіметтің Қаулысына негізделеді. Қызметке шақырылған офицерлерді офицерлік құрамның бос әскери лауазымдарына ең сұранысқа ие және жетіспейтін әскери есептік мамандықтар бойынша тағайындайды. Резервтегі офицерлерді шақырудың негізгі мақсаты – әскери даярлықтан өткен резерв жинақтау. Әскери қызмет өту кезеңінде офицердің әскери қызметке шақырылмағанға дейінгі жұмыс орны сақталмайды. Мемлекетті қорғау әрбір азаматының конституциялық борышы. Шақыруға жататын резервтегі офицерлер әскери қызметке барудан бас тартуға құқығы жоқ. Әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңның 35-бабында белгіленген тәртіп бойынша азаматтарға беріледі, - деп жауап берді Қорғаныс министрлігі.

Кімдер әскерді кейінге қалдыра алады?

2012 жылғы 16 ақпандағы “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” заңның 35-бабының 5-тармағына сәйкес, кейбір мамандық иелері уақытша әскерге бармауға құқылы.

1. Мұғалімдер

Егер сіз мектепте, балабақшада, колледжде немесе балаларға қосымша білім беретін ұйымдарда педагог болып жұмыс істесеңіз, әскери қызметтен кейінге қалдырыласыз. Яғни, жұмыс істеп жүрген бүкіл кезеңде әскерге шақырылмайсыз. Бұл ауыл мен қаладағы барлық мұғалімдерге қатысты.

2. Ауыл дәрігерлері

Егер сіз медициналық білімі бар маман ретінде ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс істесеңіз, денсаулық сақтау мекемелерінде қызмет атқарған барлық уақыт ішінде әскерден уақытша босатыласыз.

3. Азаматтық авиация қызметкерлері

Әуе кемелерінің ұшу экипажы мүшелері, сондай-ақ азаматтық авиация инженерлері, механиктері және техниктері әскерден кейінге қалдырылуға құқылы. Бірақ олар тиісті білімі бар және азаматтық авиация ұйымында жұмыс істеуі қажет.

4. Су көлігі қызметкерлері

Кемелер экипажының тиісті білімі бар мүшелері су көлігі ұйымдарында қызмет еткен бүкіл кезеңде әскерден кейінге қалдырылады. Бұл теңіз және өзен көліктерінде жұмыс істейтін мамандарға қатысты.

Еске сала кетейік, биыл елімізде 40 мыңнан астам азамат әскерге шақырылады.

2025 жылы 915 запастағы офицер әскери қызметке шақырылады, оның ішінде:

ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары – 700 адам;

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – 80 адам;

ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы – 131 адам;

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі – 4 адам.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы