Әскери кадрларды дайындау мәселелері талқыланды
ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы жұмыс тобы әскери кадрларды дайындау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әскери кадрларды бірлесіп дайындау және ғылыми жұмыстарды үйлестіру мәселелері Астанада өткен оқу-әдістемелік жиын мен жұмыс тобының отырысы шеңберінде қаралды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің базасында өтті. Оған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Біріккен штабы бастығының орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев, ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы жұмыс тобының төрағасы генерал-майор Игорь Муравлянников, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның базалық оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу ұйымдарының басшылары қатысты.
Отырысқа бейнеконференцбайланыс арқылы қатысқан ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Андрей Сердюков жиын форматы ұйым шеңберінде әскери кадрларды даярлау мен ғылыми жұмыстың өзекті мәселелерін талқылауға және бірлескен жұмыс барысында нақты ұсыныстар әзірлеуге бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев әріптестеріне әскери білім беру, әскери ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға күш салғаны үшін алғысын білдірді.
Жұмыс тобының отырысында ұйымның базалық оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу ұйымдарының әлеуетін ескере отырып, әскери кадрларды бірлесіп дайындау жүйесі және ғылыми жұмысты жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Іс-шараға қатысушылар Сағадат Нұрмағамбетов атындағы еәскери колледжге барып, оқу орнының оқу-материалдық базасымен танысты.