Әскери дирижерлер консерваторияда білім алатын болады

Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты «әскери істе дирижерлық ету» мамандығы бойынша офицер кадрларды дайындайтын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шығармашылық мамандықты оқыту Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының базасында өтпек.

Бұл екі жоғары оқу орны арасындағы келісімнің арқасында мүмкін болып отыр. Меморандумға оқу орындарының басшылары полковник Қайрат Даутов пен Нұркен Әшіров қол қойды.

Осы уақытқа дейін жоғары оқу орнының мамандары «әскери дирижер үшін біліктілік талаптарына сәйкес өзгерістермен дирижерлеу (үрмелі оркестрмен)» білім беру бағдарламасы бойынша оқу жоспарын жасауға жұмыс жүргізді.

Төрт жылдық оқудың артықшылығы бакалавр академиялық дәрежесін бере отырып, әскери және азаматтық жоғары оқу орындарын бітіргені жөніндегі екі диплом алу болып отыр.

Бұл еңбек нарығындағы бірегей және бәсекеге қабілетті ұсыныс. Өйткені біздің түлектердің әскери және музыкалық мамандығы болады, – деп түсіндірді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Қайрат Даутов.

Оқу кезеңінде курсанттар толықтай мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Оқуды аяқтаған соң барлық түлектерге жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі.

Бұған дейін қазақстандық курсанттар Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери университетінде үрмелі аспаптар оркестрінің дирижеры мамандығы бойынша білім алатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы