Әскери борышын өтеген 600-ден астам сарбаз студент атанды

600-ден астам жас әскери қызметтен кейінгі білім беру жеңілдіктерін пайдаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылдан бастап Қорғаныс министрлігі әскерде қызмет еткен азаматтарға білім беру жеңілдіктерін беру арқылы жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру жөніндегі жобаны іске асырып келеді.

Бүгінде жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай түсу мүмкіндігін 604 қазақстандық пайдалана алды. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 19, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне – 17, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне – 15, Торайғыров университетіне – 10 азамат тегін оқуға түсті.

Ақылы негізде ҰБТ-ны есепке алмағанда А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне – 73, Торайғыров университетіне – 45, Ш. Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновациялық институтына – 51, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне – 35 адам оқуға түсе алды.

Осы факторларды ескере келе, Қорғаныс министрлігі студенттердің бұл санатын жатақханамен және шәкіртақымен қамтамасыз ете отырып, гранттар беру процесін заңнамалық реттеу жұмыстарын жүргізуде.

Еске сала кетейік, әскери қызметшілерді тегін оқытуға іріктеу Қорғаныс министрлігінің порталында орналасқан «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Қазіргі уақытта бұл ресурста 38 316 мерзімді қызмет сарбазы тіркелген.

2022 жылдың күзінде әскерге шақырылған 13 805 әскери қызметшінің бағалау көрсеткіштерін енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Олар үшін квоталарды бөлу биылғы жылдың қазан-қараша айларына жоспарланған. Сонымен бірге 2023 жылдың көктемінде әскерге шақырылған сарбаздарды да тіркеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 11 948-ден астам адам тіркелген.

Қорғаныс министрлігі жобаны одан әрі танымал ету мақсатымен айтарлықтай жұмыстар жүргізуде. Жастардың жеке жоспарлары мен армияның олардың жеке қалыптасуындағы рөлі туралы бейнероликтер дайындалды.

Осындай сауалнамадан Astana IT University-нің бірінші курс студенттері Айдар Науша, Әмір Қайыров және Әділет Құдашев өтті. Олар – жоғары оқу орындарында тегін білім алу сертификаттарын иленген азаматтар. Айдар Науша Қарулы күштердің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде қызмет етті. Қазіргі уақытта «медиа-технологиялар» бағыты бойынша білім алуда.

Оқуға түскендердің тізімі жарияланған кезде мен түн ортасында бүкіл отбасын қуанышымды бөлісу үшін ояттым. Әскердегі уақыт босқа өткен жоқ, дене дайындығы және рухани жағынан дамыдым деп айта аламын. Мен Қарулы күштерге қатардағы жауынгер болып келдім, үйге ефрейтор болып оралдым. Енді университетте лейтенант атағын алуды жоспарлап отырмын, - деді ол.

Университет базасындағы әскери кафедра елдің жұмылдыру резервін толықтыру үшін запастағы офицерлер мен сержанттарды дайындайды. Оқу кезінде үшеуі де әскери кафедрада оқып, запастағы офицер болуға ниетті.

Қазір Қорғаныс министрлігінен басқа бұл жобаға Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік күзет қызметі де қатысады. Келешекте ҰҚК Шекара қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігі де «Срочники 2.0» жүйесіне қосылмақ.

Сертификаттың бар-жоғын тексеру үшін «Іздеу» бөліміндегі «Срочники 2.0» жүйесіне өз деректеріңізді, яғни «тегіңізді, атыңызды, әкеңіздің атын енгізіп», «Табу» опциясын басу қажет. 

Естеріңізге сала кетейік, жастар бұл сертификатты екі жыл бойы пайдалана алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы