Әскери борышыңды 40 күнде өтеуге болады
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұдан былай түрлі себептермен әскерге бара алмаған азаматтар әскери-техникалық мектепте оқып, 40 күннің ішінде әскери билетке қол жеткізе алады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Шымкент әскери-техникалық мектебінде өткен шарада белгілі болды.
Аталған мектепте бүгін «Әскерге бару – парызың!» деген ұранмен ашық есік күні болып өтті. Шараға өңірдегі бірқатар жоғарғы оқу орындары мен колледждерден 200-ге жуық студент қатысты. «40 күндік әскери қызметті» өткеріп жүрген сарбаздар жастарды есік алдынан қүтіп алып, әскери-техникалық мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Жиналғандар арнайы дайындалған 7 нысанды аралап көрді.
Шара барысында студенттер қару-жарақ түрлері, инженерлік-тактикалық дайындық, химиялық қарулардан сақтануға арналған құрылғылар мен киім үлгілері, барлау бағытында қолданылатын қарулар, радио байланысшылары мен көлік жүргізушілерін дайындайтып сыныптарда болып, ондағы қару-жарақтар мен әскери құрылғылардың көптеген түрлерімен танысты. Әрбір бұрышқа бекітілген сарбаздар мен әскери тәлімгерлер қонақтарға атыс қарулары мен құрылғыларының мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Ал әскери-техникалық мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Қожабеков шараға келген жастарға әскери-техникалық мектептің тиімділігін айтып, оның түлегі атану үшін қойылатын талаптарға тоқталды.
"Оқу мерзімі 40 күнге созылады, яғни 280 сағаттан тұрады. Оның 40 сағатында сарбаздар әскери машықтарды меңгерсе, қалған 240 сағатта қару-жарақтан оқ атуды үйренеді. Әскери-техникалық мектепте оқу курсын тәмамдаған сарбаздар әскери билет алып, мемлекеттік жұмысқа немесе келісім-шарт бойынша әскери қызметке орналаса алады. 70 жылдан астам тарихы бар Шымкент әскери-техникалық мектебі сарбаздарды негізінен үш бағыт бойынша дайындайды. Ол атқыштар, әскери көлік жүргізушілері мен 3-сыныпты радио байланысшы мамандары. Әскери техникалық мектебі үміткерлерді жыл бойына қабылдайды. Ниет білдірген азаматтар мекен-жайы бойынша жергілікті әскери басқару органдарына өтініш білдіріп, арнайы медициналық тексеруден өтуі тиіс. Барлық талаптарға сай келген азаматтар әскери техникалық мектепке қабылданады", - деді Нұрлан Қожабеков.
Айта кетейік, әскери техникалық мектепке 24-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды азаматтар қабылданады. Тек мемлекетке 263 318 теңге төлеуі тиіс. Бұл төлемақыға 40 күн бойы әскери-техникалық мектеп базасындағы казармада тұру, тамақтану, сарбазға қажетті барлық құрал-сайман және киім-кешектермен қамтамасыз етілу кіреді.
Кездесуде жастардың әскери-патриоттық сезімдерін нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің оң имиджін бейнелейтін бейнероликтер көрсетілді. Шара соңында сарбаздар келушілерге арнап, шағын концерттік бағдарлама ұсынды.