Мұхтар Құл-Мұхаммед әскери және арнайы оқу орындарында болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ішкі істер министрлігі мен Шекара қызметінің Алматы қаласында орналасқан әскери және арнайы оқу орындарында болды.

Сенатор еліміздің Ішкі істер министрлігінің құқық магистрлерін, сондай-ақ "Құқық қорғау қызметі" мамандығы бойынша PhD докторларын даярлау бағдарламасы бойынша білім беретін Мақан Есболатов атындағы академиясының жұмысымен танысты. Академия курсанттары сонымен қатар "Ақпараттық жүйелер" және "Радиотехника, электроника және телекоммуникация" мамандықтары бойынша білім алады.

Депутат кездесу барысында құқық қорғау органдарының жоғары оқу орындары арасында жетекші ғылыми әрі оқу-әдістемелік орталық болып табылатын академияда ішкі істер органдарына мамандар даярлау үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Профессорлық-оқытушылық құрам ішкі істер органдарының жедел-қызметі мен оқу процесіне енгізілген 500-ден астам монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдарын, практикалық және әдістемелік ұсынымдар дайындаған болатын.

М.Құл-Мұхаммед өз сөзінде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2019 жылы әзірленген Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру мәселелеріне тоқталды. Депутат сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатайту мәселелері бойынша Парламент қабылдаған кейінгі заңнамалық актілер туралы да айтты.

Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматыдағы академиясы курсанттарымен және профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауы аясында әскери қызметшілерді кәсіби даярлау мәселелерін талқылады.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы мемлекет егемендігін нығайту, ұлттық қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қалыптастыру мен дамытудың жаңа тұжырымдамасы басымдықтарының қатарында екенін атап өтті.

Сенатор өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауда алға қойған басты міндеттердің бірі жаңа Тұжырымдама негізінде жауынгерлік қабілетті армия қалыптастыру болып табылатынын айтты.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында кәсіби даярлығы мол, Отанға адал офицер кадрлармен және әскери қызметшілерден жасақталған біздің әскеріміз жаңа геосаяси ахуалда ел қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерді тойтаруға дайын болуы тиіс екенін атап өтті. Жоғары жауынгерлік дайындық пен ұрысқа қабілетті болуды жоғары кәсіби әскери кадрлар ғана қамтамасыз ете алатыны ақиқат. Мемлекет басшысының Жолдауындағы аса маңызды шақыру ең алдымен, еліміздің жетекші әскери оқу орындарының өкілдеріне арналған. Біздің әскери бөлімшелерді, оның ішінде мемлекеттік шекарадағы бөлімшелерді жоғары кәсіби кадрлармен сіздер қамтамасыз етесіздер, - деді сенатор Шекара қызметінің болашақ офицерлеріне арнаған сөзінде.

Депутат кездесу барысында Шекара академиясының оқыту әдістемесімен және оқу-материалдық базасымен танысты, оқу сыныптарын, спорт залын және жатақхананы аралап көрді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы