Кеше 2026, 23:55 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Әскерден босатуға уәде берген: Ақмола облысында медицина қызметкері ұсталды

Осы «қызметі» үшін ол жәбірленушілерден жалпы 1,2 млн теңгеден астам ақша алған.

Ақмола облысында мерзімді әскери қызметтен босатуға көмектесемін деп уәде берген медицина қызметкеріне қатысты үш бірдей қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, 17 наурызда азаматтардан үш арыз түскен. Олардың айтуынша, өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған күдікті әскерге шақырудан босату үшін жалған диагноз қойып беруге уәде еткен. Осы «қызметі» үшін ол жәбірленушілерден жалпы 1,2 млн теңгеден астам ақша алған.

Алайда ақша берілгеннен кейін уәде етілген медициналық құжаттар да, қаражат та қайтарылмаған. Осыдан кейін азаматтар құқық қорғау органдарына жүгінген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, оның жергілікті медициналық пункттердің бірінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, сондай-ақ оның басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.

Полиция азаматтарға әскери қызметке қатысты мәселелерді ақша арқылы «шешу» заңсыз екенін ескертіп, мұндай ұсыныстардың көбіне алаяқтық схемалармен байланысты болатынын атап өтті.