Әскердегі джиу-джитсу: "Sarbaz+" жобасы нәтиже бере бастады

Қазіргі қазақ әскері тек қарудың күшіне ғана емес, білім мен озық технологияға сүйенетін заманауи күшке айналуға тиіс. Осы биік мақсатты көздейтін "Sarbaz+" пилоттық жобасы бүгінде Әуе қорғанысы күштерінің № 78460 әскери бөлімінде табысты іске асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Жоба аясындағы үш айлық дайындық кезеңін пысықтау мақсатында сарбаздар арасында джиу-джитсудан «Tactical Jiu-Jitsu Challenge» турнирі ұйымдастырылды.

"Sarbaz+" жобасы әскери қызметті заманауи біліммен ұштастыруды көздейді. Мұнда сарбаздар жауынгерлік дайындықпен қатар, ағылшын тілін, жасанды интеллект негіздерін, ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрон) басқаруды меңгеріп, заманауи спорт түрі — джиу-джитсумен тұрақты айналысады. Осы мақсатта бөлімде арнайы оқу сыныптары мен фитнес залдары жабдықталған.

Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr-QTT» спорт клубымен жасалған меморандум аясында үш ай бойы тұрақты жаттығулар жүргізілді. Клуб негізін қалаушы, Алматы облыстық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров турнирдің ұйымдастырылуына тікелей мұрындық болып, жеңімпаздарға медальдар, дипломдар мен кәсіби джиу-джитсу кимоноларын табыс етті.

Біз сарбаздардың тәжірибесін шыңдап, джиу-джитсу дағдыларын бекіту үшін осы жарысты өткіздік. Мақсатымыз — үздік жауынгерлерді халықаралық турнирлерге дайындау. «Sarbaz+» бастамасы үшін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевке алғыс айтамыз. Бұл — мемлекеттік деңгейдегі маңызды қадам, — деді Нұрсұлтан Орынбасаров.

Шара барысында Алматы облысы ПД жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңестің атынан сарбаздарға ерекше қолдау көрсетілді. Полиция подполковнигі Алтын Темірғалиева сарбаздарға заң мен тәртіптің маңыздылығын түсіндіріп, «Есірткісіз болашақ» жазуымен арнайы футболкалар және спорттық жабдықтар табыс етті.

Нағыз сарбазға тән қасиет — қайсарлық пен таза ақыл. Спорт бар жерде есірткіге орын жоқ. Сендердің таңдауларың — заңға бағыну, тәртіпті сақтау және есірткісіз жарқын болашақ құру. Осы жолдан таймаңдар! — деді ол өз сөзінде.

 Сондай-ақ шараға Әскери полиция подполковнигі Берік Жарасов және Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат депутаты Аркен Сайдуллаев қатысып, жобаның маңыздылығын жоғары бағалады.

Әскери бөлім командирі, подполковник Азиз Бараков бұл жоба бөлімше жұмысын сапалы жаңа деңгейге көтергенін жеткізді:

"Sarbaz+" — бұл тек спорт қана емес, сонымен қатар психологиялық төзімділік пен темірдей тәртіптің көрсеткіші. Біз тек жауынгерлерді емес, ертеңгі күннің физикалық және интеллектуалдық тұрғыдан мықты азаматтарын тәрбиелеп жатырмыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы