Қазақстан. Әрбір 10 жігіттің үшеуі әскерге жарамсыз
Астана, baq.kz. Мамандар жас жігіттердің арасында жүрегі сыр бергендер мен майтабандардың қатары артқанын айтады. Медициналық комиссия мүшелері жыл сайын бұл дерттің дендеп жатқанын жасырмайды.
otyrar.kz сайтының жазуына қарағанда, науқан басталғалы медициналық комиссия мүшелерінің алды бір сәт те босаған емес. Мамандар 17 жасқа толған мектеп оқушыларын психологиялық және медициналық сараптамадан өткізуде. Жарамдысын іріктеп алу оңай емес екенін мойындайды. Өйткені жастардың арасында жүрек ауруы дендеп барады. Сондай-ақ, майтабандары да жиілеп кеткен деп отыр.
“Жүрек аурулары, өкпе аурулары, майтабандар көп кездеседі. Оларды біз әскерге жарамсыз деп алып, өздері тіркеуде тұрған ауруханаға жолдаймыз. Олар сол жақтан емделіп келген соң, бізге әскерге қайта шақыртылады. Ал жарамдылар тағы да бір рет медициналық тексеруден өтеді. Ол жақтан да жарамдылық нәтижесі көрінсе, біз оларды әскерге жібереміз” - дейді Комиссия төрағасы.
Әскерге жарамды азаматтар Қазақстанның әрбір облысындағы шекара қызметіне, қорғаныс министрлігі, мемлекеттік күзет қызметі және Ұлттық Ұлан қатарына жіберіледі. Сондай-ақ, қалалық қорғаныс басқармасы өз еркімен Отан алдында борышын өтеушілердің саны артып келе жатқанын тілге тиек етті. Сәйкесінше, әскерден жалтаратындар мүлдем жоқ.
Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан бері екі ауданнан бақылайтын қорғаныс әкімшілігі құрылды. Әл-Фараби және Абай аудандарында бірлескен әкімшілікте бүгінде 1 200-ге жуық болашақ әскери қызметшілер есепке алынбақ. Десе де, олардың нақты қаншасы әскерге жіберілетіні әлі белгісіз.