Асқар Шәкіров: Қазақстан Парламенті ЕКПА-мен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 27-30 қыркүйекте Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен сенаторлар Әли Бектаев және Нұрлан Қылышбаев құрамына енген Парламент Сенатының делегациясы Страсбургте Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының күзгі сессиясының жұмысына қатысты.

Сенаторлар Ассамблеяның пленарлық сессиясына және комитеттердің жұмысына қатысты.

Төраға орынбасары шара аясында Парламенттік Ассамблеяның төрағасы Рик Демспен, Еуропа Кеңесі бас хатшысының орынбасары Бьерн Бергемен, ЕКПА Саяси комитетінің төрағасы Жолт Неметпен, Біріккен солшыл күштердің саяси тобының жетекшісі Тини Кокспен келіссөздер жүргізді.

Еуропалық әріптестер Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларымен, оның ішінде демократиялық процестерді одан әрі дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу мүмкіндіктерін кеңейту бағыттарымен таныстырылды.

Парламенттік Ассамблея төрағасымен кездесу барысында Қазақстанның ЕКПА-мен парламентаралық ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Рик Демс Мемлекет басшысының саяси бастамаларын, атап айтқанда парламенттік оппозиция институтын, партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға арналған квотаны, гендерлік теңдік және өлім жазасын жоюды заңнамалық тұрғыда енгізуді жоғары бағалады.

ЕКПА төрағасы Қазақстанға осы жылы ресми сапармен келуге әзір екенін жеткізді.

Өзара мүделілік туғызатын салаларда сындарлы іс-қимылды дамыту мақсатында ЕКПА мен Қазақстанды жақындастыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру маңызды, - деді Рик Демс.
Сенатор Әли Бектаев Теңдік және кемсітпеушілік жөніндегі комитеттің отырысында еліміз басшылығының әйелдер құқығын қорғау және гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілету жөніндегі шаралары туралы айтып берді.

Парламенттік делегация Страсбургте Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысты. Кеш аясында Қазақстанның жас дарындарының қатысуымен фотокөрме мен концерт болды. Шараға ЕКПА-ға мүше елдердің парламенттік делегациялары және Еуропа Кеңесінің өкілдері қатысты.

Салтанатты кештің ашылуында сөз сөйлеген Сенат төрағасының орынбасары Қазақстан Тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада танымал тұрақты және беделді мемлекетке айналғанын атап өтті. 

Тәуелсіздіктің үш онжылдығы Қазақстан үшін экономикалық прогресс пен орнықты даму дәуіріне айналды. Біздің еліміз посткеңестік кеңістіктегі ең табысты әрі ауқымды нарықтық реформаларды жүзеге асыруда көшбасшы болды, - деді сенатор.

ЕКПА Вице-президенттері Киммо Кильюнен мен Аркадиуш Муларчек біздің мемлекетіміздің қалыптасуына Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан зор үлесін атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі уақытта жүзеге асып жатқан жан-жақты реформаларына толықтай қолдау білдірді.

ЕКПА парламентшілері қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа сипатын ілгерілетуге ықпал еткен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүше ретіндегі және ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіндегі табысты қызметін атап өтіп, Еуропа Кеңесімен және оның Парламенттік Ассамблеясымен сындарлы ынтымақтастығына үміт артатынын жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы