Ашықтық – сенім негізі
Жаңа Конституцияның жобасы жарық көрген сәттен ел ішінде сан түрлі пікірдің толқыны көтерілді. Бұл – тосын құбылыс емес, қайта ел тағдырына қатысты үлкен әңгіменің басталғанының белгісі. Өйткені Ата заң – тек құқықтық мәтін емес, халықтың тарихи жадын, бүгінгі тынысын, ертеңгі бағытын айқындайтын рухани да, саяси да темірқазық.
Әуелгіде сөз қызуы басым болады. Әркім өз жүрегіндегі алаң мен үмітті сыртқа шығарады. Бұл – қоғамның тірі екенінің, елдің бейжай емес екенінің көрінісі. Уақыт өте келе сол қызу сөздің орнына салмақты ой, байыпты талдау келеді. Қазір біз дәл сондай кезеңнің табалдырығында тұрмыз. Кеше ғана ұранмен айтылған пікірлер бүгін баптарға үңілген сұраққа, нақты нормаларды таразылаған ойға ұласып жатыр.
Қуаныштысы – осы аралықта үнсіздік болған жоқ. Конституциялық комиссия да, оған қатысқан азаматтар да қоғамнан сырт айналған жоқ. Керісінше, әрбір күмәнге жауап беріп, әрбір сауалға түсінік беруге ұмтылып отыр. Бұл – үлкен жауапкершіліктің белгісі. Ашықтық бар жерде сенімнің де тамыры тереңдейді. Күрделі мәтіннің мағынасын көпшілікке ұғындыру – оңай шаруа емес. Бірақ оны түсіндіру – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ міндеті.
Кейде сөздің желі шындықтың өзінен жылдам жетеді. Әлеуметтік кеңістікте асығыс байламдар, үстірт тұжырымдар айтылып жатады. Мұндайда сабырға келіп, мәтіннің өзіне үңілу – ең дұрыс жол. Өйткені Конституция қауесетпен емес, нақты нормамен өмір сүреді. Оның әрбір жолы – уақыттың сүзгісінен өтетін жауапкершілік.
Әлемнің талай елінде негізгі заң жаңарған тұста дәл осындай кезеңдер болған. Әуелде алаң, кейін талдау, соңында келісім. Тарих көрсеткендей, берік конституциялар үнсіздікте емес, ашық әңгімеде қалыптасады. Бірақ ол әңгіме айқайға емес, уәжге; жорамалға емес, нақты мазмұнға сүйенгенде ғана нәтижелі болады.
Бүгінгі талқылау – елдің саяси мәдениетінің де өлшемі. Біз мәтінге үңіліп, әр баптың мәнін таразылап, ортақ мүддені көздей алсақ, онда бұл реформа қоғамды біріктіретін үлкен сабаққа айналады.
Ата заң – бір күндік құжат емес. Ол – ұлттың ұзақ жолына бағдар беретін, уақытпен бірге жаңғырып, бірақ өзегін жоғалтпайтын құндылық.
Сондықтан жаңа Конституция төңірегіндегі әңгіме де уақытша толқын емес, ұлттың өз болашағымен бетпе-бет келген сәті. Мұндайда асығыс сөзден гөрі байыпты ой, күмәннан гөрі жауапты талдау қажет. Сонда ғана бүгінгі талқылау ертеңгі тұрақтылықтың берік іргесіне айналады.
Бибігүл Жексенбай,
ҚР Парламент Сенатының депутаты