Ашық диалог және жаңа мүмкіндіктер: Astana Media Week-те не талқыланды?
Astana Media Week 2026 аясында мемлекеттік органдар мен БАҚ байланысы, журналистердің заң жобаларын талқылауға қатысуы және медиа саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Астанада мерейтойлық Astana Media Week 2026 аясында «Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа қағидалар» тақырыбында сарапшылар кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Пікірталасқа Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин, медиа менеджер Асқар Жалдинов, «Власть» интернет-журналының елордалық бюросының жетекшісі Тамара Вааль және медиа қауымдастықтың басқа да өкілдері қатысты. Кездесуді PR және медиа мамандары қауымдастығының төрайымы Ақерке Берлібай жүргізді.
Ашықтық және БАҚ-пен өзара байланыс
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі мемлекеттік органдар мен журналистер арасындағы байланысты дамыту болды. Қатысушылар ресми ақпаратқа қол жеткізу, брифингтер өткізу және мемлекеттік органдардың спикерлерімен өзара байланыстың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мемлекеттік органдардың ресми өкілдері институтын күшейту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қазір біз ресми өкілдер институтын күшейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойымша, бұл мәселе барған сайын өзекті бола түсуде, – деді ол.
Спикердің айтуынша, коммуникация жүйесін жетілдіру мемлекеттік құрылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы мазмұнды диалогты дамытуға мүмкіндік береді.
Журналистердің заңнаманы әзірлеуге қатысуы
Кездесуде бұқаралық ақпарат құралдары және онлайн-платформалар туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Пікірталас барысында салалық жұмыс тобының құрамына журналистік қауымдастық өкілдерін көбірек тарту ұсынылды.
Қанат Ысқақов бұл мәселені жұмыс тобының басшылығымен бірлесіп пысықтауға дайын екенін жеткізді.
Біз медиа өкілдерін заң жобасын қарастыруға қосу мәселесін пысықтауға дайынбыз. Бұл қиындық тудырмайды. Менің ойымша, бұл мәселе жақын арада шешімін табады, – деді бірінші вице-министр.
Ол алдағы жұмыс үшін ұсынылып отырған өзгерістерді талқылауға қатыса алатын медиа қауымдастық өкілдерінің тізімін анықтау қажеттігін де атап өтті.
Кәсіби диалог және бірлескен шешімдер
Кездесудің тағы бір тақырыбы журналистік ұйымдар мен медиа саласының өкілдері арасындағы өзара байланысты дамыту болды.
Қатысушылар кәсіби диалогты жалғастыруға және медиа саласындағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарды бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік беретін жұмыс тобын құру мәселесін талқылады.
Пікірталас модераторы Ақерке Берлібай көтерілген мәселелерді талқылаумен шектелмей, нақты іс-қимылға көшу маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында өңірлік журналистермен байланысты дамыту және ақпарат алмасуды жеделдету жөнінде де ұсыныстар айтылды.
Сарапшылар кездесуі Қазақстанның ақпараттық саясатын одан әрі дамыту мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдардың өкілдерін, журналистер мен медиа менеджерлерді біріктірген мерейтойлық Astana Media Week 2026 апталығының маңызды алаңдарының біріне айналды.