«Ашық деградация». Психологтар квадроберлер туралы не дейді

Соңғы уақытта желілерден балалардың төрт аяқтап, жануардың кимінде жүргенін байқауыңыз мүмкін. Бұл квадробингке еліктеген балалар. Еліктеуден туған субмәдениет ТМД елдері арасында тез тарап жатыр. Ең қызығы, кейбір шектен шыққан квадроберлер жануарлардың тамағын да жейтін көрінеді. Бүгінде бұл құбылыс елімізге келіп отыр. Сонымен квадробер болу балаға несіме зиян? BAQ.KZ тілшісі психологтардың пікірін білді.

Квадроберлер деген кімдер, олар қайдан шықты?

Бұл субмәдениеттің атауы латынның quattuor (төрт) және ағылшынның aerobics (аэробика) деген сөзінен шыққан. Бұл субмәдениет жастардың арасында кең таралған. Олар жануарларға еліктеп, олардың киімдерін киіп, маскаларын тағады. Кейін төрт аяқтап, іс-қимылдарын қайталайды. Бұл мәдениет «фурри» деп аталатын субмәдениетпен байланысы бар. Онда адамдар антропоморфты жануарларға еліктейді.

Субмәдениет Жапониядан бастау алады. Жапон Кеничи Ито 2008 жылы төрт аяқтап жүгіріп, 100 метрді 18,58 секундта бағындырдған. Оның бұл жетістігіне әлемнің назары ауып, төрт аяқтап жүгіру танымал бола бастады.

Кейбір мамандардың айтуынша, мұндай қозғалыс балалардың буындарына, әсіресе білектеріне, артық күш түсіріп, жарақаттар әкелуі мүмкін. Егер бала осы рөлге шамадан тыс кіріп, өз шынайы өміріне мән бермесе, мамандарға қаралуы керек.

Психологтар не дейді?

Психолог Жаңагүл Қайырованың сөзінше, мұндай дүниелер тұлға құндылықтары сақталмаған елдерге тез келеді.

Интернеттегі ақпаратқа қарасақ, бұл құбылыс тек бұрынғы Кеңес одағында болған елдерде тарап жатыр екен. Бастауы Ресейден келген тәрізді. Яғни біздің елдің көрші елдерден келген қандай да бір субмәдениетті жылдам қабылдап алуы ақпараттық кеңістіктің қорғалуы нашар дегенді білдіреді. Жалпы жеке тұлға құндылықтары сақталмайтын елде балалар өзін танытуы, “мен бармын, көріңдер” деуі үшін осындай әрекеттер жасауға мәжбүр шығар. Себебі маска кигенде сен басқа жанға айналасың, соның атынан сөйлеу, әрекет ету жеңіл. Яғни өзіне сенімді, ойын еркін жеткізе алатын, психологиялық саулығы қалыпты бала мұндай құбылысқа еруі неғайбыл, - деді психолог.

Қайырова қазіргі таңда ата-аналар балаларын бақылаудан шығарып алғанын айтады. Айтуынша, егер бала субмәдениетке қатты еліктеп кетсе, психиатрдың көмегіне жүгінуі керек.

Мұндай құбылыс – зиян. Себебі сырттан келген дүниені сарапқа салмай, бірден қайталауға көшуінен біз балаларды ересектер бақылауынан шығарып алғанын көреміз. Адам өмірде түрлі бейнеге кіріп, өзін тануға ұмтылады. Бірақ ол нормадан ауытқыса, психиатрға қаралған жөн. Бұл субмәдениеттің қауіптілігі сол, образға еніп басқаға шабуыл жасап, өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Психологияда символдрама (еск. - драма терапия, маска терапия) деген тамаша психотерапиялық бағыт бар. Мектептерде соны қолға алып, квадробикаға еліктеген балаларды сондай тренингтерге тартуға болады. Себебі баланың кез келген ерсі қылығының ар жағында қанағаттандырылмаған эмоциялық қажеттіліктер жатады, - деді психолог.

Ал психолог Серікгүл Сәли, бірінші кезекте баланың өмірінде еліктейтін тұлға болуы керегін атап өтті. Сөзінше, бұл қоғамда тараған дерттің бірі.

Бала деген еліктеу арқылы өседі. Бір нәрсеге еліктемей өсетін бала болмайды. Тіпті еліктеусіз қалыптасатын қоғам да жоқ. Сондықтан балаға үлгі алатын тұлғасын көрсетіп, көз алдында бейнесін қалыптастыруымыз керек. Егер еліктейтін тұлға болмаса, бала ит пен мысыққа да еліктей береді. Мәселен, балаға бандитті батыр қылып көрсете берсек, оны қалыпты деп қабылдайды. Демек, қоғам балаға еліктейтін тұлғаның бейнесіне назар аударып отырған жоқ деген сөз. Мәселе осы жерден шығып отыр. Салдарынан бала өз бетімен жан-жануарлардан қалауын іздеп жатқан жайы бар. Меніңше, бұл ашық түрдегі деградация, - деді Серікгүл Сәли.

Сондай-ақ психолог Жанар Сейітмағамбет квадробинг уақытша құбылыс екеніне сенімді.

Мұндай құбылыстың белгілері бұрыннан болған. Көбіне балалардың жануарға ұқсап киінгенін мерекелерде көретінбіз. Жалпы, 5-10 жастағы балаларда жануардың рөліне кіріп, ойын ойнауы, оған еліктеуі қалыпты жағдай. Бірақ әр нәрсенің шегі бар. Меніңше, баланың көшеге шығып, төрт аяқтап жүріп, ерсі қылық жасауы - қазақ халқының мәдениетіне жат дүние. Бірақ мұны уақытша еліктеушілік деп ойлаймын. Мәселен, квадробер бала өз ішінде екі адам болады. Мысық болып рөлге кіріп жүрген соң, сәлден соң өз рөліңе оралуың керек. Бұлай жүру психологиялық тұрғыдан да ауыр. Сондықтан бұл сән сияқты уақытша дүние деп білемін, - дейді психолог.

Сейітмағамбет қандай бала квадробер болуға бейім екенін айтты.

Әрине, бұл субмәдениет бүкіл баланың қызығушылығын тудырып отырған жоқ. Бұл ішкі эмоцияларын шығарғысы келетін, ішіне агрессиясын жинап жүрген балалар болуы мүмкін. Олардың үйіндегі жағдайы да әсер етеді. Бәлкім кейбірі зорлық-зомбылық көрген болар. Сондықтан балаларға ит секілді үріп, мысық сияқты мияулап ашуын шығарған жеңіл. Сол себепті бала жан-жануар болып, рөлде ғана ойнауға тиіс. Ал шынайы өмірде төрт аяқтап жүріп кетпейтінін түсінуі қажет. Біздің саналы адам екенімізді, ондай бола алмайтынын ата-ана түсіндіруі қажет, - дейді Жанар Сейітмағамбет.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев құзырлы органдар мен ата-аналарға үндеу жасаған еді. Мәжіліс депутаты өзінің Іnstagram-парақшасында қазір балалар мен жасөспірімдер арасында белең алып жатқан квадроберлер жайлы сөз қозғады.

Құрметті ата-аналар, оқырман! Сіздерге айтатын маңызды ақпаратым бар. Квадробер деген терминді естіп жатқан шығарсыздар. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл адамдардың жануарға айналуы. Бұл көбіне жасөспірімдер арасында белең алып жатыр. Бұл кәдімгі дерт, қоғам ауруы десе де болады. Қазірден бастап алдын алмасақ, ертеңгі күні ұрпақтың тамырына балта шауып алуымыз мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдар, жасөспірімдер жануарға еліктейді, төрт аяқтап жүреді, солар секілді өмір сүреді, секіреді, тіпті көшеде жүрсеңіз, сізді тырнап, тістеп алу қаупі де бар. Бұл Еуропада да, АҚШ-та да белең алып жатыр. Сондай-ақ тіпті Ресейде де, Өзбекстанда да тіркелген жағдайлар бар. Сондықтан барынша сақ болайық, – деп ескертті ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы