«Ашық диалог» порталына келетін қылмыстық іске қатысты өтініштер көпшілікке жасырын болуы тиіс - ІІМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша комиссияның отырысында айтты.
Азаматтар «Ашық диалог» порталы арқылы өтініш жіберген кезде оны ЭЦҚ арқылы куәландырып, өтініште көрсетілген дербес деректердің және онда қамтылған барлық ақпараттың көпшілікке жария болуына келісім беріледі. Сол себепті азаматтардың өтініштерінде көрсетілген дербес деректер мен оларға берілген жауаптар интернет желісінде барлық пайдаланушыға қолжетімді, - деді ол.
Ол атап өткендей, 2020 жылдың қаңтарына дейін өтініштерге тіркелген барлық құжатты кез келген пайдаланушы жүктей алатын.
Қаңтардан бастап бұл мүмкіндік шектеліп, өтініштерге тіркелген қосымша құжаттарды тек өтініш иесі және блок модераторы ғана жүктей алады. Алайда азаматтар өтініш беру кезінде өтінішті жариялауға келісім беруіне қарамастан, ол өтініштердің кейін интернет арқылы іздегенде барлық пайдаланушыға қолжетімді болатынын ескермейді. Сол себепті бұрынғы жазған өтінішін өшіруді сұрап, қайта өтініш жасайды. Жыл басынан бері министр блогына 30-ға жуық азамат өз өтініштерін өшіру туралы арыз жолдаған, - деді ол.
Сәрсенов осыған орай бірқатар ұсыныс та жасады.
Азаматтардан келіп түскен өтініштерге жауап дайындау кезінде олардың көпшілігі қылмыстық процестің қатысушысы болып табылмайды. Қызметкерлер сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге ерікті түрде жол бере алады. Азаматтардың дербес деректері қорғалуы тиіс. Дербес деректердің жалпыға қолжетімділігі алаяқтықтың дамуы үшін оңтайлы орта қалыптастырады. «Ашық диалог» порталына келетін қылмыстық іске қатысты өтініштер көпшілікке жасырын болуы тиіс , - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы