«Ашық бюджет» ел азаматтарына қазына қаржысын бақылауға мүмкіндік береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ашық бюджет»  жобасы елдегі қаржылық бақылау институттарының орнын алмастырмайды. Бұл тек қоғамдық бастама. Жобаның мақсаты мен міндеттері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде өткен онлайн брифингте агенттіктің арнайы мониторинг тобы жетекшісінің орынбасары, «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев айтып берді.

Осыдан бес жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев бес институционалды реформаны транспарентті есеп беретін мемлекетті құру сыбайлас жемқорлықты азайтатынын айтқан болатын. Бұл жоба сол бағдардың жемісі. Сол реформада Елбасы мемлекеттік органдардың алдына халыққа қарай бет бұруға, қоғамның ел өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді. Содан бері қоғамда азаматтардың мемлекеттік басқару мен процестеріне арасалудың нәтижелі екеніне көз жеткізіп отырмыз. Бұл жоба да қоғамның бюджеті қаражаты қайда, не мақсатта жұмсалып жатқаны жөнінде хабардар болатын алаң құруды көздейді, - деді ол.
Сондай-ақ, ол Мемелекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жергілікті бюджеттерді бекіту және оңтайлы жұмсау барысына бақылауды күшейту қажеттігі міндетін жүктегені бұл бастамаға серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен мекемелердің бюджетінің ашықтығын 100 пайыз қамтамасыз ету мақсатында Қаржы министрлігімен техникалық мәселелер реттелуде. 
Мұндағы мақсат мекеме бюджеттерін бақылау емес, ашықтығын қамтамасыз ету. Қоғамның бұл саладағы белсенділігін арттыру. Жоба елдегі қаржылық бақылау инситуттарының қызметін алмастырмайды. Мұндай жобалар дамыған елдердің көпшілігінде бар. Жобаның миссиясы бюджетті қалыптастыру мен жұмсауға азаматтардың хабардарлығын арттыру арқылы мемлекеттік басқаруға азаматтық қатысуға, сондай-ақ, өз қаржыларын сауатты бөлуге жәрдемдесу, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 19 тамыздағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте қоғамдық бақылаудың жаңа нысандары мен басқару шешімдерінің барынша ашықтығы қажет деген болатын. Осыған байланысты 11 қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығымен, Нидерланды Корольдігінің елшілігімен және Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорымен бірлесіп бұдан бұрын іске қосылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» негізінде «Ашық бюджет» жобасын бастады. Жобаны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығымен, Нидерланды Корольдігінің елшілігімен және Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорымен бірлесіп жүзеге асырады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы