Ашуға булыққан ер адам әйелінің көлігін өртеп жіберді

Ашуланған ер адам азаматтық некедегі әйелінің көлігін әдейі өртеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жамбыл аудандық сотында бөтеннің мүлкін өртеп жою фактісі бойынша (ҚР ҚК 202-бабы 2-бөлігінің 1,5) тармақтары) азамат А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Ер адам мен оның азаматтық некедегі әйелі 800 мың теңге бастапқы жарна төлеп, жалпы сомасы 4 млн теңгеге несиеге көлік сатып алған. Әйел адамның жүргізуші куәлігі болмаған. Сондықтан әйел аталған көлікті сақтандыру полисі бойынша өзінің азаматтық жұбайы А.-ға уақытша берген.

2025 жылғы наурыз айының соңында екеуі ұрысып қалып, жанжал шыққан. Ашуға булыққан ер адам 5 литр бензин сатып алған. Содан кейін көлікті ашық алаңға апарып, салоны мен қозғалтқыш бөліктеріне от қойып, әдейі өртеп жіберген. Салдарынан әйелге 4,4 млн теңге көлемінде материалдық шығын келген.

Сотта А. өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдірді. Келтірілген залалды өтеді. Прокурор сотталушыға 4 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын сұрағанымен, сот жеңілдететін жағдайларды ескеріп, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеумен шектелді.

Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, өкінуін және келтірілген залалды толық өтеуін ескеріп, жазаны барынша жеңіл түрде тағайындады. Бұл жағдайда ауырлататын мән-жайлар болмады, - делінген Жамбыл аудандық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін келіні зағип енесіне несие рәсімдеп, қашып кеткенін жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы