Аштар Муратов: Аталарымыздың достығын ұрпағымызға үлгі етеміз
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сыр өңірінің Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауылына өз ұлт өкілдері шоғырланған. Бәрі бір үйдің баласындай тату өмір сүруде. Осы елді мекеннің тұрғыны, түрік ұлтының өкілі Аштар Муратов "аталарымыз бізге айнымас достық дейтін эстафетаны аманаттады, біз оны сол күйінде өзіміздің балаларымызға табыстағымыз келеді", дейді.
Аштар Муратовтың айтуынша, мұнда қуғын-сүргін кезеңінде Қиыр Шығыстан кәрістер жер аударылды. Одан кейін түрік, өзбек, шешендерді күштеп қоныстандырған.
Әкем Мурат Муратов 1944 жылы Грузиядан Қазақстанға, оның ішінде қасиетті Қармақшының топырағына жер аударылып келген екен. Сол уақытта 50-ден аса түрік отбасыны ІІІ Интернационал ауылына қоныстандырыпты. Жадап-жүдеген жандарға жергілікті халық – қазақтар жәрдемдесіп, бір нанды үзіп беріп, күн көрген. Ол кездегі адамдар рухани бай еді, қаншама қиындық пен жетіспеушілікке қарамастан, бәрі дос болған. Ынтымағы алмастан да берік еді. Бір-бірін алалау, кемсіту болмаған. Осы далада әкем анам Херия Муратовамен отау құрған. Біз жеті ағайындымыз – төрт ұл, үш қыз. Бүгінде әкем де, анам да өмірден өткен. Олар бізге айнымас достық дейтін эстафетаны аманаттады, біз оны сол күйінде өзіміздің балаларымызға табыстаймыз. Яғни ұл-қызымызды адамдықты биік қоюға, қазақ халқымен тірлікте бір болуға үндеп келеміз, – дейді А.Муратов.
Аштар 1960 жылы ІІІ Интернационал елді мекенінде туған. Ол осы ауылдағы №108 орта мектептің табалдырығынан аттап, онжылдықты 1977 жылы бітіріпті. Елді мекендегі бірінші фермада механизатор болып жұмыс істеген ол «бұл менің еңбектегі алғашқы қарымды қадамдарымның бірі еді» деп өткенді сағынышты еске алды.
1978 жылы борышымды өтеуге әскерге барып кіші сержант қызметін атқарып, 1980 жылы әскер қатарынан туған еліме оралдым. Ауылға келген соң №1 егіс бригадасында механизатор болып еңбек еттім. Одан кейін бас агроном болдым. Жаңа жұмыс орны, жаңа орта дегендей 2005 жылдан бастап тәуекел ердің ісі деп жеке кіші "Ақниет" шаруа қожалығын аштым. Менің балалық шағым өткен ІІІ Интернационал ауылының аты да, суы да, топырағы да маған ыстық. ІІІ Интернационал ауылымыздың әл-ауқатын жақсартып, мәдениетін көркейтуге жеке кәсіпкер ретінде үлкен үлесімді қолымнан келгенше аянбай көмектесудемін. Ауылымыздың бұрынғы атақ-даңқы баршаға аян, – дейді кәсіпкер.
Аштар Муратов бүгінде Қармақшы ауданына белгілі кәсіпкер. Оның пікірінше, нарық жолы оңай емес. Құпия қыр-сыры жетерлік. Бұл жерде ешкім де сүйеніш бола алмайды. Барлығын да өзің істеп, үлгеруің керек.
Ерте тұрып, кеш жатуды да үйрендік. Бүгінгі заман талабы – шағын және орта бизнесті барынша дамыту. Ендігі бар мәселе оны қалай ұтымды ұйымдастыра білуде. Бұл күндері "Ақниет" шаруа қожалығы ауылдағы шаруашылықтардың біріне айналып отыр. Барлық күш пен ой, мақсат өнімін өндіруді молайтып, табысқа қол жеткізу. Қожалықта тек күріш өндіруді ғана басты міндет етіп қоймай, өзге дақыл түрлерінің егіс көлемін ұлғайта түсу мақсатын алдыма қойдым. Әсіресе табыстың басты көзі болып табылатын күріш өсіруге көбірек көңіл бөлдім. Егіс көлемі де онша көп емес. Өткен жылы 280 гектар күріш ектім, – дейді ол.
Кәсіпкер күріш өнімін өндіруде үлкен көрсеткіштерге жетті. Бірнеше рет ауылшаруашылығы саласындағы үздік деген номинациялармен марапатталды. Қазір оның қожалығында еңбек ететін адамдардың саны 17-ге жетіп отыр. Олардың дені әртүрлі мамандықты меңгерген майталман еңбеккерлер.
Қожалықтағы жұмысшылардың көмір және отынын, шөбін беріп, қыстық жағдайларын жасап отырмын. Құдайға шүкір, осы кезге дейін жұмыс істеп келе жатырмыз. Қожалықтың техникалық базасы, қуаты жаман емес, – деді А.Муратов.
Айта кетейік, Аштар 1984 жылы шаңырақ көтерген. Зайыбы түрік қызы Сальфираз Даврушева екеуінің 3 баласы бар.
Білім алу деген де еңбектің бір түрі. Ұл-қыздарымыз оқыған. Үлкеніміз Абдулла мұнай саласында. Одан кейінгісі Изнул әкесінің қасында – "Ақниет" шаруа қожалығында еңбек етеді. Екеуі де үйленді, келіндеріміз бар. Ал қызымыз Рабия медициналық колледжде оқиды. Ауылда жұмыс түрі көп. Отағасы екеуіміз ауылда қалып, егіс далаларында еңбек етіп жатқан замандастарымыздың ісіне құрметпен қараймыз. Қазақ тілінде "Деме", "демеп жібер", "демеуші бол" деген әдемі сөздер бар. Тәй-тәй басқан сәби адымдап жүріп кете алмай бара жатса, "қолтығынан демеп жібер" дейді. Аштар өзі демеушілік жәрдем сәбилік кезде ғана емес, жас болып үлкейгенде де керек деп отырады. Қазір Құдайға шүкір, кәсібін 2005 жылы бастап, отбасына, ауылына сыйлы болып келе жатыр. Қазақтармен етене араласып, дос болып кеттік, тіпті әулетімізде қыз беріп, құдандалы болған жайымыз бар, – дейді Сальфираз Даврушева.
Аштар Муратовтың айтуынша, ең алдымен ұйымшылдық керек.
"Саусақ бірікпей, ине ілікпейді" деген. Біз барлық кедергілерді осындай ұйымшыл еңбекпен еңсеріп, ең бастысы қазақ бауырларымыздың дархандығының арқасында ерен табыстарға жетіп келеміз. Алайда бүгінгі нарықтық заманда кейбір жастар достықтың, татулықтың қадірін жете түсінбейтініне қынжылатыным жасырын емес. Руханидан гөрі материалдық құндылықты биік қояды да бір-бірімен жауласады. Шүкірліктен айырылып барамыз ба деп қорқамын. Менің бар тілейтінім, қиын-қыстау кезеңдегі аталарымыздың, әжелеріміздің арасындағы қыл өтпес ауызбірлік, бір-біріне деген сыйластык бүгін де, болашақта да сақталып қалса екен, – деген жүрекжарды сөзін жеткізді.