АШМ ұсталған қызметкерлеріне қатысты мәлімдеме жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рақымбеков айтты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жаңадан келген басшылығы жаздан бері Антикормен бірлескен жұмысты атқарып жатыр. Антикор басшылығымен тамызда кездесу болып, осы проблема талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жұмысты атқаруға дайын екені сол кезде айтылды. Тамызда басталған жұмыстың нәтижесі осындай болды. Нақты кімдер ұсталғанын айту құқық қорғау органдарының жұмысы. Ал облыс деңгейінде ұсталғандарды айту облыс, аудан әкімдіктерінің құзырына кіреді, - деді ол.
Рақымбеков атап өткендей, АШМ шешім шыққаннан кейін ғана мәлімдеме жасай алады.
2003 жылы мемлекеттік азық-түлік бағдарламасы енді жұмысын бастағанда субсидия көлемі 3,5 млн теңге болатын. Бұл - Қазақстан бойынша. Ал 2018-2019 жылдары 350 млрд теңгеге жетті. Мемлекет экономика дамыған сайын ауыл шаруашылығына көмек ретінде субсидия, несиеге қомақты ақша бөліп отыр. Бірақ мәселе қаржының тиімділігінде болып отыр, - деді ол.
Рақымбеков қазір субсидия жүйесін жетілдіру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.
Жүйені оңтайландыру қаралып жатыр. Соңғы кезде субсидиялаудың түрлері де күрт артып кетті. Мысалы, 2017 жылы мен вице-министр болған кезде мәселені зерттедім. Сол кездің өзінде ауыл шаруашылығында субсидияның 65 түрі бар екенін білдім. Ал кішігірім тетіктермен санағанда субсидия түрі 130-ға жетті. Фермерлер шатасатын еді. Оның әрбіруінде әртүрлі тәртіп болды. Сол кезде біз біз оның түрін 11-ге қысқарттық, - деді ол.
Айта кетейік, осыған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты бөлімшелер мен ұйымдардың және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының және Ақмола, Түркістан, Жамбыл облыстары, ШҚО, БҚО, Атырау, Ақтөбе облыстары әкімдігінің лауазымды тұлғаларынан тұратын қылмыстық топтар әшкереленген еді.