14 Шілде 2026, 13:00 Фото: pixabay.com

АШМ қант бағасының қымбаттауын маусымдық фактормен түсіндірді

Министрлік қант бағасының өсуін маусымдық кезеңмен байланыстырып, қор жеткілікті екенін мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкіметтегі брифингте жекелеген өңірлерде қант бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Вице-министрдің айтуынша, кейбір өңірлердегі бағаның өсуі маусымдық кезеңмен байланысты. Ведомство алдағы уақытта қант бағасы күрт өседі деп алаңдамайды.

Биыл қант қызылшасынан мол өнім күтіліп отыр. Бұл – елімізде өсірілетін шикізат. Қазір қант қызылшасын өңдейтін үш зауыт жұмыс істеп тұр. Биыл Тараз қант зауытында қант қызылшасын өңдейтін жаңа өндіріс іске қосылады. Соның нәтижесінде жиналған қант қызылшасының бүкіл көлемі өңделеді. Бұдан бөлек, Латын Америкасы елдерінен жеткізілетін шикізат та бар, ол елімізде өңделеді. Сондай-ақ тұтынатын қанттың шамамен жартысы Ресейден импортталатынын мойындауымыз керек, – деді Азат Сұлтанов.

Ол қоймаларда қант қорының жеткілікті көлемде бар екенін де айтты.