АШМ қабылдаған бағдарламалар соңына дейін жеткізілмеген – Смайылов
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдады. Олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған. Басымдықтар үнемі өзгеріп отырады. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесінқұруға кедергі келтіреді. Ал бұрмаланған ведомствалық статистикалық деректер нақты бағдарларды қалыптастыруға теріс ықпалын тигізді, - деді Әлихан Смайылов.
Оның сөзінше, нәтижесінде жекелеген нысаналы индикаторлар тым жоғары деп танылып, соңынан төмендетілген.
Бірақ бұл да Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының 40%-дан астамының табысты іске асырылуын қамтамасыз ете алмады, - деп айтты Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Мәжілісте.
Бүгін Мәжілісте "Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы" Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалып жатыр.
Бұған дейін Әлихан Смайылов АШМ-де аудиторлық іс-шара жүргізу жоспарланып отырғанын айтқан болатын.