АШМ нан бағасын тұрақтандыру үшін қаржы бөлінгені туралы жаңалықты жоққа шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі нан бағасын тұрақтандыру үшін қаржы бөлінгені туралы жаңалық уақытынан ерте жарияланған ақпарат деп хабарлады. 

Бірқатар қазақстандық бұқаралық ақпарат құралы нан бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет резервінен 2,6 млрд теңге бөлінді деген қате хабарлама жариялады. Жаңалықтарда бұл ақпарат іске асырылған факт ретінде ұсынылған.

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті қаулы жобасына қатысты түсініктеме жариялайды:

Мұндай жобаны министрліктің әзірлегені рас және қазіргі уақытта талқылау процедурасынан өтуде. Яғни, жоба қабылданған жоқ. Әзірге кеңінен талқылау үшін ғана ұсынылды. Бұл жоба 2021 жылдың 11-наурызы күні ҚР Үкіметінің отырысында мақұлданған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі Жол картасын іске асыру мақсатында әзірленді. Айта кету керек, астық тапшылығы туралы мәселе жоқ. Жоғарыда айтылғандай, 2020 жылғы өнім елді астықпен толық қамтамасыз етуге және белгілі бір бөлігін экспортқа шығару да жетеді, - делінген хабарламада.

Министрлік тағы бір мәселе астық бағасына тоқталып, оның ішкі нарықтағы құны экспорттық бағаларға байланысты қалыптасатынын атап өтті.

Қазір экспорттық нарықтарда астыққа деген сұраныс артып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл жөнінде дұрыс жазған. Биылғы астықты жинағанға дейін әлі бес ай барын ескергенмен, қазіргі уақытта ішкі нарықтағы астық бағасы тұрақты. Дегенмен, мамандар алдағы уақытта сыртқы және ішкі нарықта бағаның өсетінін жоққа шығармайды. Қазақстан осындай жағдайларға дайын болуы керек және «әлеуметтік нан» бағасын тұрақтандыру шараларын осы бастан қолға алуы тиіс. Ұн бағасы көтерілген жағдайда наубайханаларға әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру қиын болатынын түсіну керек. Ол үшін тасымалдау шығындарын өтеу сияқты шаралар қажет, - делінген.

АШМ бұл жерде астық егетін өңірлерден шалғай облыстар туралы сөз болып отырғанын жеткізді. Министрліктің жазуынша, мысалы Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында бидай өсірілгенмен, оның ұны нан пісіруге келе бермейді. Сондықтан, осы аймақтардағы жеке өндірістер халықтың нанға деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі нормативтік құқықтық актілерді келісу және қабылдау процедураларына едәуір уақыт кететінін, тек «Ашық нормативтік құқықтық акт» порталында талқылау кем дегенде 11 күнтізбелік күн өткізілуі тиіс екенін хабарлады. Сондықтан мұндай жұмыс алдын-ала жүргізіледі.

Ішкі нарықта астық бағасы едәуір көтерілген жағдайда Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша, соның ішінде батыс және оңтүстік өңірлерге астық тасымалдау шығындарын өтеу механизмі ретінде жедел шаралар қабылдайтын болады, - делінген министрліктің хабарламасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы