АШМ лауазымды қызметкерлері сыбайлас жемқорлық бойынша сотталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР АШМ Республикалық ветеринарлық зертханасының бұрынғы басшылығы пара алғаны үшін сотталды.
Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген ҚР АШМ "Республикалық ветеринариялық зертхана" ШЖҚ РМК бас директорының міндетін атқарушы М. Ч. Итеновке, оның орынбасары және зертхана меңгерушісі Г.Р. Әділбаеваға, сондай-ақ осы РМК-ның тағамдық қауіпсіздігінің меңгерушісі Б. А. Алынязоваға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Биыл 3 желтоқсанда Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 аудандық сотының үкімімен Итенов пен Әділбаева азаматты ветеринарлық зертханаға зертханашы ретінде жұмысқа орналастыру үшін 250 мың теңге көлемінде пара алғаны, сондай-ақ Итенов кәсіпкерлерге тиісті қорытындылар беруде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Аталған тұлғалар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
Осы үкіммен Алынязова да кінәлі деп танылды және сенімді асыра пайдалана отырып, мемлекетке мүліктік залал келтіргені үшін оған 757 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.