АШМ: Көкөніс дақылдары мен картоптың жалпы өнімі ішкі нарыққа толығымен жетеді
Биыл елдегі көкөніс дақылдары мен картоптың жалпы өнімі ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеді.
Соңғы 3 жылда көкөніс дақылдарының егіс алаңдары 10,5 мың гектарға ұлғайды. Олар 2022 жылдың қорытындысы бойынша 169,7 мың гектарды құрады. Оның ішінде сәбіз алқабы 1,0 мың гектарға, қияр алаңы 2,1 мың гектарға, пияз 4,5 мың гектарға ұлғайды. Көрсетілген кезеңде көкөніс дақылдарының орташа өнімділігі артты, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, көкөніс дақылдарының жалпы өнімі 653 мың тоннаға ұлғайған.
Әлеуметтік маңызы бар дақылдардың жалпы түсімі ұлғайды, пияз 187,8 мың тоннаны, сәбіз түсімі 17,2 мың тоннаны, қияр 74,1 мың, қызанақ 10,7 мың тоннаны құраған. Картоп өндіру бойынша да осындай жағдай. Соңғы үш жылда егіс алаңдары 7,6 мың гектарға ұлғайтылды. Биыл әкімдіктерінің деректері бойынша көкөніс дақылдары 173,5 мың гектарға, картоп 197,6 мың гектарға егілді. Жалпы көкөніс дақылдары мен картоптың жалпы өнімі ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді министр.