АШМ: Киік еті сатылымда бар

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда киік етінің қаншалықты сұранысқа ие болатынына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметте өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қазіргі таңда киік етінің сатылымда бар екенін айтты.

Киік еті бойынша ветеринарлық қызмет жұмыс істеп тұр. Сынама алып, сараптама жасағаннан кейін ғана барып бұл жануардың еті сауда желілеріне жіберіледі, - деп жауап берді Айдарбек Сапаров.

Ал "өзіңіз дәмін татып көрдіңіз бе?" деген сұраққа: "Әлі үлгермедім" деп қысқа қайырды.

Ветеринариялық қызметке жауапты вице-министр Аманғали Бердалиннің айтуынша, 2 шілдеден бастап киікті азайту мәселесімен айналысуда.

Ол үшін 24 ет соятын арнайы алаңдар таңдалды. Олар ветеринария саласында аттестаттаудан өтті. Оның сыйымдылығы қанша, мамандары кім екені зерттелді. Оған арнайы рұқсат бар адамдар ғана (киікті – ред.) соя алады. Біз киіктің аурулардан таза екеніндігіне көктемнен бастап мониторинг жасаймыз. Зертханамыз бар. Сол жерде жануарлардың барлығын, тек киікті ғана емес, барлық жануарларды бақылап отырамыз. Соған байланысты мониторинг – ветеренария саласының жұмысы. Қазір жағдай тыныш. Сою алаңдарына өздері келісімшарт жасайды. Әрі қарай киік етін консервілеуге жібереді немесе қай жерде келісім бар, сол жерге жіберіп сатуға болады, - деп жауап берді вице-министр.

Еске салайық, бұған дейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ет бағасын көтеретіндерге шара қолданылатынын айтты. 

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметте өткен брифингте құс етінің бағасына қатысты мәлімдеме жасады. Сөзінше, елімізде құс еті қымбаттамайды.

Сондай-ақ, АШМ ет экспортына квота енгізу ішкі бағаға әсер етпейтінін атап өтті. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы