АШМ: Ет экспортына квота енгізу ішкі бағаға әсер етпейді
Қазақстанда ет экспортына квота енгізу ішкі нарыққа теріс әсерін тигізбейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктері экспортқа қарамастан фермерлер табыстылығын сақтап қалатынын айтты.
Сондай-ақ мемлекеттік қолдау күшейтілген, ал квота көлемі өндірісті шектемейтін деңгейде екенін мәлімдеді.
Журналистер министрлерден: "Экспорттық квота мал шаруашылығының табыстылығын төмендетіп, фермерлерді шаруашылықтарын жабуға итермелемей ме? Ал ішкі нарықта ет тапшылығына байланысты баға өсіп кетпей ме?" деп сұрады.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл тұрғыда алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Айтуынша, мал басы тұрақты түрде артып келеді.
2025 жылдың қаңтар айының басында ірі қара мал басы 7,9 миллионды құрады. Қазір – 8,7 миллионға жетті, яғни 17% өсім бар. Мемлекеттік қолдау жалғасуда. Біз етті ет комбинаттарына өткізу бағасын килограмына 200 теңгеден 300 теңгеге дейін көтердік, сондай-ақ мал басын сатып алу субсидиясын 400 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін ұлғайттық. Фермерлердің өтінішін ескердік, сондықтан проблема жоқ, – деді Сапаров.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев те квота көлемінің жеткілікті екенін айтып, бұл өндірушілердің ынтасын төмендетпейтінін алға тартты.
Ең бастысы – квота көлемі шамамен 13,5 мың тонна. Бұл – тарихи қалыптасқан көрсеткіш. Мұнда шектеулер жоқ. Оның үстіне, квотаны өндірушілер өздері тікелей алады, делдалдарсыз, әрі өнімдерін еркін экспорттай алады. Сондықтан шаруашылықтардың жабылуына әкелмейді. Керісінше, мемлекеттік қолдау шаралары өндірушілер үшін ынталандыру болып қала береді, – деп түсіндірді министр.
Еске салайық, бұған дейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ет бағасын көтеретіндерге шара қолданылатынын айтты. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметте өткен брифингте құс етінің бағасына қатысты мәлімдеме жасады. Сөзінше, елімізде құс еті қымбаттамайды.