АШМ елге қызанақ пен бұрыш әкелуге тыйым салды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешініндегі мемлекеттік инспекция комитеті 2021 жылдың 7-маусымынан бастап Түркменстан аумағынан қызанақ пен бұрыш өнімдерін әкелуге тыйым салып, уақытша карантиндік фитосанитариялық шараларды енгізді.

Бұл – қызанақ пен бұрыштан карантиндік организмдердің анықталу жағдайларының жиілеуіне байланысты енгізілген шаралар.

Түркменстанның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік қызметінің фитосанитариялық сертификаттарының сүйемелдеуімен Қазақстанға жеткізілетін қызанақтарға карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде «қоңыр әжім» вирусының (Tomato brown rugose fruit virus (ToBRFV) 19 дерегі анықталды.

ISPM № 13 «Сәйкессіздік және шұғыл әрекет ету туралы нотификациялау нұсқаулығы» фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандарттың ережесіне сәйкес (Рим, 2002), Түрікменстанның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік қызметінің атына карантиндік фитосанитариялық талаптардың бұзылуы туралы нотификациялар жіберілді.

Көрші республиканың уәкілетті органдарының экспортталатын өнімде вирустың пайда болу себептерін тексеру туралы объективті деректерінің болмауына байланысты және Қазақстан аумағындағы карантиндік фитосанитариялық ахуалды ушықтырып алмау мақсатында Комитет 2021 жылдың 7-маусымнан бастап Түрікменстаннан қызанақ пен бұрыш әкелуге уақытша тыйым салды.

Жалпы, өсімдіктер карантині саласында жыл басынан бері Қазақстан Республикасының аумағына карантинге жатқызылған өнімді әкелуге қатысты 1300-ден астам заң бұзушылық анықталды. Карантиндік фитосанитариялық талаптарды бұзып, карантинге жатқызылған 11 мың тонна өнімді жеткізбек болғандардың жолы кесілді. Қазақстанға жеткізілетін өнімнен карантиндік объектілер табылған 155 жағдай тіркелді.  Тәртіп бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 56 млн теңгеден асатам сомада айыппұл төледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы