АШМ: Биыл майлы дақылдар рекордтық көлемге жетеді

Қазақстанда қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақылдар жиналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, биыл майлы дақыл тұқымынан шамамен 4 млн тонна өнім күтілуде.

Бұл – рекордтық көлем болады. Сонымен қатар 1,8 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,2 млн тонна бақша өнімдері жиналды. Шаруалардың үздіксіз жұмысын 139 мың трактор, 31 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың орақ, сондай-ақ 130 мыңнан астам басқа да техника қамтамасыз етуде. Оның ішінде 4 мыңнан астам жоғары технологиялы Джон Дир және КЛААС комбайндары бар, - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы негізгі агротехникалық шаралардың бірі бұл жер жырту және тыңайтқыш көлемін енгізу аса маңызды екеніне тоқталды.

Биыл жоспар бойынша 1,9 млн тонна тыңайтқыш болса, бүгінгі күні соның 1,8 млн тоннасы енгізілді. Сонымен қатар Үкімет резервінен аванстық төлем ретінде бөлінген бос қаражат зауыттарда әлі де тұр. Осыған байланысты әкімдіктер күзгі агротехникалық жұмыстар аясында тыңайтқыш енгізудің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыруға келетін болсақ, бөлінген 700 млрд теңгенің көктемгі егіс жұмыстарына 502 млрд теңгесі игеріліп, 9 млн гектар егіс алқабы қамтылды, - деді Айдарбек Сапаров.

Қалған қаражат есебінен егін жинау жұмыстарын қаржыландыру жалғасуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру алдымыздағы қараша айында іске қосылатын болады. Жеңілдетілген лизингке бөлінген 250 млрд теңгенің бүгінгі күні 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 253 млрд теңгеге өтінім берілді, - дейді ведомство басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы