АШМ: Биыл елімізде 65 сүт фермасы құрылады

Биыл елімізде 65 тауарлық сүт фермасы құрылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Сенатта өткен үкімет сағатында мәлімдеді.

Айтуынша, тамақ өнімдерін өндірудің жалпы көлемінде сүт өнеркәсібінің үлесі 16%-ды құрайды.

2022 жылы өндірілген 3,9 млн  тонна тауарлық сүттің 1,9 млн тоннасы 172 кәсіпорында өңделді. Ішкі тұтыну көлемі 2,3 млн тонна, отандық өндіріспен қамтамасыз етілу деңгейі 82%-ға жетті. Сүтті қайта өңдеудегі тежеуші фактор шикізаттың жетіспеушілігі және қымбатшылығы болып табылады. Бұдан басқа, шикізат базасының сапасының төмендігі бұл өндірілген сүттің 73%-ы жеке қосалқы шаруашылықтар үлесіне тиесілі болуына байланысты. Нәтижесінде ішкі нарықта сүт өнімдері импортының үлесі жоғары, бұл шикі сүтке қайта есептегенде шамамен 573 мың тоннаға тең, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Министр осы мәселені жүйелі шешу үшін тауарлық сүт фермаларының желісін құру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін көбейту бойынша шаралар қабылданып жатқанын алға тартты.

Осы мақсаттарға биыл республикалық бюджеттен жалпы қуаттылығы жылына 373 мың тонна сүт өндіретін 65 тауарлық сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлінді. Әрі қарай екі жылға 50 тауарлық сүт фермасын құруға қосымша 113 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бұл екі жыл ішінде ел өңірлерінде 115 ірі тауарлық сүт фермасын құруға және отандық сүт зауыттарын жеткілікті көлемде сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге, өз сүтімен қамтамасыз етілуді 61%-дан 89%-ға дейін ұлғайтуға және импортқа тәуелділікті 573 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, - деді Ербол Қарашөкеев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - Архив
Өзгелердің жаңалығы