АШМ басшысы Жайықтың жағдайы жайлы: Балықтар қайта уланып жатқан жоқ
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Жайық өзеніндегі балықтардың қырылуына қатысты түсініктеме берді.
«Қазір мұз еріп, мұздың астынан өлі балықтар шығып жатыр. Балықтар қайта уланып жатқан жоқ. Біздің қызметтер бұның бәрін тексерді. Бүгінгі таңда алдын ала бағалау бойынша шамамен 3 тонна өлі балық жиналды. Мен бұл оқиға желтоқсанда болды деп тағы да айтамын. Бұл оқиғаның себебін анықтау үшін қазір комиссия құрылған. Ол жұмыс істеп жатыр. Комиссия қорытындысы қашан шығатынын айта алмаймын. Мен комиссия қорытындысы шықпай, сіздерге ешқандай болжамды да айта алмаймын», - деді Омаров Үкімет кулуарында берген сұхбатында.
Атап өтсек, 2018 жылғы желоқсанда Жайық өзенінде балық қырылды. Қазір өзен өлі балықтардан тазартылып жатыр.
Бұған дейін сенатор Сәрсенбай Еңсегенов желтоқсан айында Жайық өзенінен 5 тонна өлі балық жиналғанын айтқан еді.