АШМ: Қазақстанда азық-түлік тапшылығы жоқ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан халықтың негізгі азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.
Қазіргі уақытта өңірлік тұрақтандыру қорларында, өндірушілердің қоймаларында, сауда орындарының қоймаларында және тағы басқа сақтау орындарында 1,2 млн тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорлары бар.
Бұл көлем қалыпты тұтыну кезінде азық-түліктің түрлері бойынша 1 айдан 6 айға дейін жеткілікті. Азық-түлік тауарларын өндіру жалғасуда. Ұзақ мерзімге жеткілікті тұрақты қорлар бар.
Өндіріс орындарынан азық-түлік тауарларын жеткізу жоспарланған кестеге сәйкес жүргізілуде. Сауда орталықтары мен базарлар штаттық режимде жұмыс істеуде.
ҚР Үкіметі негізгі азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға деңгейін тұрақты түрде бақылап отыр.
Сондай-ақ, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті нарық субъектілерінің баға келісімдерін қадағалап отырғандығын және бағаның негізсіз өсуі жағдайында бизнес субъектілеріне айыппұл санкциялары қолданылатын болатынын хабарлаймыз. Ел азаматтарына үрей тудырмауға және тек шынайы ақпаратқа сенуге шақырамыз! Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі фактілерін көрген болсаңыз, +7 7172 74-96-71 бірыңғай телефон нөміріне, сондай-ақ @consumerprotectionKZ телеграмм арнасы арқылы арнайы желіге хабарлауды сұраймыз, - делінген министрлік хабарламасында.