АШМ: Астық қоймаларын су басып жатқаны туралы ақпарат бар
Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабта АШМ ресми өкілі Олжас Тлебалдин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өсімдік шаруашылығы бойынша, тұқымдық материалдар сақталған астық қоймаларын су басып жатқаны туралы хабарламалар бар. Осыған байланысты біз бірінші кезекте шаруаларға үндеу айтамыз. Су басу қаупі төнген жағдайда өз мүлкіңізді дер кезінде қауіп-қатерден қорғау өте маңызды. Әңгіме тек тұқым туралы ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникалары, жануарлар және қауіпсіз қашықтыққа тасымалдануы тиіс өзге де мүліктер туралы болып отыр, - деді ол брифингте.
Сонымен қатар Тлебалдин “Азық-түлік корпорациясы” ұлттық компаниясында, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы тәжірибе станцияларында алдағы егіс науқанына қажетті астық қоры жеткілікті екенін айтты.
Азық-түлік корпорациясы зардап шеккен шаруаларға бөліп төлеу шартымен тұқым беруге дайын. Тұқымға қажеттілік туындаған жағдайда шаруалар Ауыл шаруашылығы министрлігінің сенім телефондарына хабарласуы қажет, - деп түсіндірді АШМ ресми өкілі Олжас Тлебалдин.