АШМ Ақтөбедегі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарымен танысты
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың тапсырмасы бойынша вице-министр Аманғали Бердалин Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Вице-министр Әйтеке би ауданындағы, сондай-ақ Ақтөбе облысының Қостанай облысымен шекараласатын аймақтарындағы шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының сапасын тексерді.
Өңірдегі басты астық орталықтарының бірі саналатын Әйтеке би ауданында Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен, Агроөнеркәсіптік кешендегі Мемлекеттік инспекция комитетінің Әдістемелік орталығының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерімен өзекті мәселелер бойынша жедел кеңес өткізді. Жиында шегірткелерге қарсы тиімді күрес жүргізу, нәтижесінде үйір шегірткелерге қарсы барлау және химиялық шараларды ұйымдастыруға бақылауды күшейту тапсырылды.
Вице-министр инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын да көрді. Мәртөк ауданында "Айс" ЖШС 800 басқа арналған сүт фермасын салуда.
Жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Нысандағы барлық құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде, сүт-тауарлы фермасы 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.