АШМ ақбөкендер санын азайтса, қандай шараларды қамтуы қажет
Ауыл шаруашылығы министрлігі ақбөкендер санын азайтқан жағдайда ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Самат Төлегенов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, ведомство мал қорымдарын анықтап, жануарлардың сүйектерін кәдеге жаратумен айналысады.
Ақбөкендердің етін ет өңдеу кәсіпорындарына дейін тасымалдау санитарлық талаптарға сәйкес жүргізілуі керек. Яғни тасымалданатын техникада температуралық режим сақталып, көлікте дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ ет өңдеу кәсіпорындарында немесе сою орындарында ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізілуі қажет, - деп атап өтті Самат Төлегенов.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде жыл соңына дейін ақбөкендер саны 2,6 млн-ға жетуі мүмкін екендігі туралы жазған болатынбыз.