27 Ақпан 2026, 07:48 Фото: BAQ.KZ архиві

АШМ агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тәртібіне қатысты түсінік берді

Субсидия алуға кез келген ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өтінім бере алады.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тәртібіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Субсидия алуға кез келген ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өтінім бере алады.

Өтінім субсидиялау ережелеріне сәйкес болуы тиіс. Мысалы, инвестициялық субсидия алу үшін фермер өз шаруашылығын дамытуға инвестиция салуы қажет. Яғни, сүт-тауарлы ферма салған ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жобаның белгіленген құн шегінен аспай, жұмсаған қаражатының 25%-ын қайтара алады, - делінген министрлік хабарламасында.

Субсидиялау саясатын министрлік әзірлейді, ал төлемдерді әкімдіктер жүзеге асырады. Қаражат облыстық бюджет есебінен, республикалық трансферттер арқылы бөлінеді. Өтінімдер кезек тәртібімен қаржыландырылады.

Субсидиялар бойынша берешектің қалыптасуы қажеттіліктің қолда бар қаражат көлемінен асып кетуіне байланысты болып отыр. Жыл сайын өткен кезеңдердің берешектері ағымдағы жылдың бюджеті есебінен өтеліп, қосымша қаражат бөлінеді, - делінген хабарламада.

Жыл басынан бері өңірлер барлық бағыттар бойынша берешектерді өтеуді жүзеге асыруда.