АШМ: 16 бағыт бойынша субсидиялау 100% автоматтандырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бүгін Үкімет отырысы барысында айтты.

«E-Agriculture» автоматтандырылған бірыңғай басқару жүйесінің функционалы есебінен бизнес процестерді цифрландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған рәсімдер едәуір жеңілдетілді. Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ішкі және сыртқы саудадағы басқа да қатысушылардың мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ, электрондық ілеспе құжаттарды алуға мүмкіндігі бар. Өсімдік шаруашылығында барлық 11 рұқсат беру құжаты цифрландырылды. Мал шаруашылығы саласында 12 рұқсат беру құжатының 10-ы электронды форматқа ауыстырылды. Ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу, дайындаушы ұйымдарды аккредиттеу процесі және микрокредиттерді кепілдендіру жөніндегі комиссия жұмысы 100 пайызға автоматтандырылды,- деді ол. 

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні барлық 16 бағыт бойынша, оның ішінде өсімдік шаруашылығында 7 бағыт, мал шаруашылығында 4 бағыт және қаржы құралдары саласында 5 бағыт бойынша субсидиялау 100 пайыз автоматтандырылды. 

Ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды енгізудің әлемдік тәжірибесіне жасалған талдау, агроөнеркәсіптік кешенге заттар интернетін енгізу, елеулі экономикалық тиімділік беретінін көрсетеді. Мәселен, егіншілік саласында түсімділікті арттырудың орташа көрсеткіші 10%-дан асады. Қаражаттың орта есеппен алғандағы есептелуі 5-10% шамасында. Өз кезегінде мал шаруашылығында қаражаттың орташа үнемделуі 15-20%-ды құрайды, - деді Омаров. 

Айта кетейік, министр бұған дейін халыққа электронды форматта көрсетілген қызмет үлесі 34 пайызға өскенін айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы