Әшімбаев: Жерді тиімді пайдалануға жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеті
Жерді тиімді пайдалануға жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында палата спикері Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын екінші оқылымда қабылдаған болатын.
Жерді барынша тиімді пайдалануға жағдай жасау – мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттерінің бірі. Жер саласын цифрландырудың берері мол екені сөзсіз, - деді Сенат спикері.
Әшімбаев бүгін Сенат қабылдаған заң осы бағытта жасалған нақты қадам екенін атап өтті.
Осы заң арқылы жер учаскесіне құқықты электронды түрде беру тәртібі айқындалады. Сондай-ақ жалпы осы саладағы мемлекеттік саясаттың ашықтығы қамтамасыз етіледі. Заң жобасын қарау кезінде Сенат оған қосымша түзетулер енгізді. Мысалы, ауылшаруашылығы жерлерін пайдаланбаудың немесе ұтымсыз пайдаланудың жолын уақытылы кесу және алдын алу тетіктері күшейтілді, - деді ол.
Сөзінше, алдағы уақытта заң жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруға және олардың тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді.