Әшімбаев: Үкіметке өмір мен өңір көргендер келуі керек
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Үкіметтің жаңа құрамына баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Менің ойымша, бұл құрам күшті. Өздеріңіз байқағандай, Үкіметке жаңа адамдар келді, өздерін алдыңғы жұмысында жақсы қырынан көрсеткен белгілі кадрлар өсті. Сондай-ақ кейбір басшылардың өңірлерден келгенін көріп отырмыз. Ал кейбір министрлер өңірлерге әкім болып тағайындалды. Бұл өте дұрыс әрі қолдайтын үрдіс. Бұрынғы Үкіметтің құрамында өңірлерде жұмыс істеген адамдардың өте аз болғанын өздеріңіз білесіздер. Үкіметтің қабылдаған кей шешімдері өңірлерде жүзеге асырылмай жатқаны да жасырын емес. Үкіметте өмір көрген, өңірлерде халықпен жұмыс істеген адамдар болса, бұл оның (Үкіметтің – ред.) шешімдерінің тиімділігін арттырады. Жалпы, бұл өте маңызды үрдіс, - деп атап өтті Сенат спикері палатаның жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.
Айтуынша, Парламенттің жоғары палата осы құраммен белсенді жұмыс істеуге ниетті.
Үкіметтің осы құрамы Мемлекет басшысы Жолдауда алға қойған экономикалық реформалар бойынша мәселелерді шешуге лайықты деп ойлаймын. Үкіметпен бірге жұмыс істейміз, - деді Мәулен Әшімбаев.