Әшімбаев: Рабиға – тілшілер мен әдебиетшілерге ортақ ғалым
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін мемлекет басшысының Жарлығымен филология ғылымдарының докторы, академик Рабиға Сәтіғалиқызы Сыздық қоғамдық қызметі және отандық ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.
Мәулен Әшімбаев орденді тапсыру үшін Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша Алматы қаласына арнайы барды. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Осы марапатты тапсыру үшін Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша Алматы қаласына арнайы келген едім. Рабиға апамызбен жүздесіп, президентіміздің ыстық ықыласы мен ізгі ниетін, айрықша ілтипатын жеткіздім. Қасым-Жомарт Кемелұлы Рабиға Сәтіғалиқызын тіл білімін дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірген ғалым ретінде ерекше құрметтейді. Осындай қуанышты хабар туралы өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдім», - деп жазды Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында.
Рабиға Сәтіғалиқызының тіл тарихы, тіл мәдениеті, абайтану, орфография саласындағы еңбектері қалың оқырманның игілігіне айналғанын білеміз. Академиктің «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Абай шығармаларының тілі», «Абайдың сөз өрнегі», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы» атты кітаптары көптеген шаңырақтың төрінде тұр.
«Рәбиға апамыз сияқты қайталанбас қазақ қызының өмір жолына, белестері мен бағындырған асуларына, тынымсыз ізденісіне, ғылымда салған сара жолына тамсанбайтын жан кемде-кем. Сонау 1959 жылы Алматыда өткен халықаралық конференцияда Мұхтар Әуезов Рабиға Сәтіғалиқызына «Тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар ойы бар, тіл құдіреті жеткілікті ғалым» деп баға берген екен. Міне, Рәбиға апамыз ұлы жазушының сол сенімін ақтады деуге толық негіз бар. Өйткені ол бүгінде тілшілер мен әдебиетшілерге ортақ ғалым атанды», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Рабиға Сыздық қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар шығармаларының тіл кестесін зерттеп, бағалы еңбектер жазды. Сол еңбектердің бәрі үтір-нүктесіне дейін оқылады.
«Ұлт мүддесі үшін адал еңбек еткен осындай абзал жандар жоғары марапаттың кез-келген түріне лайық. Жақында 95 жасқа толған Рабиға Сәтіғалиқызына зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз! Апамыздың ғибратты ғұмыры мен әлеуетті ғылымы жалғаса берсін!», - деп қорытындылады ол.