Әшімбаев Оңтүстік Корея Ұлттық Ассамблеясының спикерімен кездесті

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Оңтүстік Корея Ұлттық Ассамблеясының спикері У Вон Шикпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Кездесуде тараптар заң шығарушы органдар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев, алдымен, У Вон Шикті аталған елдің ұлттық мерекесі – Мемлекеттің негізі қаланған күнмен құттықтады. Сондай-ақ ол Корея Республикасы Қазақстанның Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сұхбат кезінде екі ел арасында, оның ішінде жоғары деңгейде тығыз байланыс орнағаны айтылды. Мемлекет басшыларының өзара сапарлары бірлескен іс-қимылға тың серпін беріп, Қазақстан-Корея қарым-қатынасын жаңа сапалы кезеңге шығарғанына да мән берілді.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясымен ынтымақтастықты әрі қарай кеңейту және заң шығару бағытында тәжірибе алмасудың маңызына назар аударды.

Біз «Қазақстан-Корея» парламентаралық достық тобы аясындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Достық тобы құрылған сәттен бастап екі елдің байланысын жандандыруға үлкен үлес қосып келеді. Алдағы уақытта біз ақпараттық технологиялар, цифрландыру, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл, жасыл экономиканы ілгерілету, киберқылмыспен күрес және басқа да бағыттар бойынша заңнамалық тәжірибені зерделеуге мүдделіміз, – деді Сенат Спикері.

Кездесу барысында сұхбаттасушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі аясында атқарылып келе жатқан рухани дипломатияны дамыту бағытындағы жұмыстарға да тоқталып өтті.

Тараптар өңірлік, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа қатысты мәселелерді де талқылады.

Ел өңірлерінің мүдделерін қорғайтын Палата ретінде біз Оңтүстік Кореяның аймақтарымен байланыс орнатуға мүдделіміз. Сондай-ақ «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматында кездесулер өткізу бастамасын қолдаймыз. Келесі аптада Ашхабадта өтетін Орталық Азия және Корея Парламенттері спикерлерінің екінші отырысының нәтижелі болуына тілектестігімді білдіремін. Мұндай бастама өзара іс-қимылымызды одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенемін, – деген Мәулен Әшімбаев Парламент Сенаты алдағы уақытта да Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықтың аясын одан әрі кеңейтуге ықпал етуді жалғастыра беретінін айтты.

Өз кезегінде У Вон Шик елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, екі мемлекет арасындағы, оның ішінде парламентаралық бағыттағы өзара іс-қимылды дамытудың маңызы туралы сөз қозғады.

Сұхбат кезінде Сенат Төрағасы Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-саяси және экономикалық реформалар жөнінде айтып, Палатаның заң шығару жұмысына тоқталды. Бұл ретте әңгіме агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары, цифрландыру және инновацияларды енгізу тәсілдері жөнінде өрбіді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: сенат
Өзгелердің жаңалығы